Алматы облысында тұрмыс тауқіметін тартқан оралмандар шу көтерді - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысында тұрмыс тауқіметін тартқан оралмандар шу көтерді

Алматы облысында тұрмыс тауқіметін тартқан оралмандар шу көтерді

 

  • 20 Шiлде 2011
  • 497
Фото - Caravan.kz

Алматы облысына қарасты Шелек елді-мекеніндегі 50 отбасы жергілікті атқамінерлердің бейқамдығына наразылық білдірді. Жерлері ғана бар демесең, барлығы 5 жылдан бері бір ұрттам таза су мен жарыққа зәру.

Бұл – осыдан 5 жыл бұрын Шелек елді-мекенінің іргесінде бой көтерген кішігірім қазақ ауылы. Жалпы саны 50 түтін түтейтін ортада тек үшеуі ғана жергілікті демесең, өзгесі Қытайдан қоныс аударған қандастарымыз. Алайда “Елім, тарихи жерім” деп келгенімізді қайтейік, елеусіз, қаңғырып қалдық”, — дейді ашу қысқан ағайындар. Өйткені электр жарығы, таза су, шаңсыз жер басу олар үшін мұңға айналған.

Санат Әлиасқарұлы, оралман:

— Келгенімізге 5 жыл болды. Үй салып, бірталай отбасы осында түскен. Сонда да бізде жарық, су, жол жоқ. Ең қиын осы — жарық. Қатты батып тұр. Неше қайтар әкімге де бардық.

Бәрінен бұрын балаларға обал. Сабақтарын үйде орындаған емес. Оған қоса, мұндағы жас та, кәрі де дұрыс тамақтанудан қалған. Электрдің жоқтығынан тоңазытқыштар бос, әсіресе жазда ішіп-жемінің барлығы іріп-шіріп жарамсыз болып жатыр.

Назигүл Жаңабай, оралман:

-Тамағымыз көгерген. Құрттаған дегендей ет, нан жеп жатырмыз. Әйтеуір аузымызға тигенді, қолымызға ілінгенді киіп жүре береміз. Немерелеріміз бен балаларымыздың іштері өтіп, ауырып жатыр.

Мынау күн сәулесінен қуат алатын батерея. Күнұзаққа тұрса да алар күші мен берер жарығы аса көп емес. Бірақ жоқтан жақсы. Кешқұрым қараңғы қапаста қарап отырғаннан гөрі бірер сағатқа электр көзін көруге жарайды. “Үкіметтің жарығы” дегенді ұмытқан тұрғындар: “Қарап отырғанымыз осы төртбұрыш”, — дейді. Онда да мұндай қуат көзін алуға көпшілігінің қалтасы көтермейді. Сондықтан май шамды місе тұтуға мәжбүр. Өйткені жарықты айтпағанда, суға да қосымша ақша шығындауға тура келеді. Көп болып, құдық та қазған. Бірақ суы ішуге жарамсыз. Лай су ішіп, қараңғылықта тіршілік етіп жатқан қандастарымыздың жағдайымен Шелек ауылының басшылары жақсы таныс. Бірақ “қолдан келер шара жоқ, Үкіметтен ақша бөлінбей жатқан соң” дегендей сыңай танытты.


Илшат Османов, Шелек ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:

-Жарық, оларды тұрғызатын бағана деген өте қымбат тұрады. Осыған әдейілеп ақша бөлінуі қажет. Әйтпесе,” бүгін жолын салып қойып, келесі жолы су жүргіземіз” деуге болмайды. Мәселе шешілмей, жарты жолда қалады. 

Оған қоса, қандастарымыз қоныстанған жер ауылдың инфроқұрылымдық жобасына енбей қалыпты. Ендігі енуі де екі талай. Десе де, мұндағы ағайын өркениеттің сырт айналып өтпесінен әлі де үмітті.

Соңғы жаңалықтар