Жарияланды: 370

Алматы облысында жарықтан тарыққан жұрт жолды жауып, наразылық білдірді

Алматы облысында жарықтан тарыққан жұрт жолды жауып, наразылық білдірді. Айтуларынша, энергетиктер түрлі сылтау айтып екі күннің бірінде тоқтан ажыратып кетеді екен. Шыдамдары таусылған тұрғындар ақыры осындай қадамға баруға мәжбүр болыпты. Бірақ ауыл әкімі жарықтың өшу себебін жұрттың өзінен көріп отыр.

- Осыншама майшам алып келіп қойдық. Енді осы свет жоқ болып қалса керек қой деп.  

Төрегелдиндер отбасы күнде майшамды артығымен бумалап алады. Өйткені, кез келген сәтте жарық сөніп, күйбелең тіршіліктерін шырақпен жалғастыруы мүмкін. Тас қараңғылыққа қарамай екі немересі де үнемі сабақтарын ала көлеңкелі майшаммен әрең оқиды. Тіпті апталап жарыққа зәру болған кездері де болыпты.

Бәтен Төлеуова, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны:

- Біз ай сайын ақшасын төлейміз. Міне әлі қосыла алмай жатырмыз. Кв-тына 23 теңгеден төлеп жатырмыз. Сонда да сөндіреді. Балаларым сабақ оқи алмай, міне майшаммен отырмыз.

Жарықтан қағылған жалғыз бұл үй емес. Дәл осылайша Белбұлақ ауылдық округіне қарасты 120 түтін жылдап қара түнекте отыр. Айтуларынша, жауаптылар ойына келгенін істеп, жарықты қалаған уақыттарында ғана қосады екен. 

Айман Есаева, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны:

- Тура 14 жыл болды қазанда, содан бері міне жарықтың әңгімесі. Бармаған жеріміз, бармаған тесігіміз жоқ. Облысқа дейін бардық. Ешкімге де батып жатқан жоқ.

Жарық зарын жылдап тартқан жұртшылық  бүгін Талғарға баратын тас жолды жаппаққа әрекеттенді. Сондағы діттегендері, әкімдіктің назарын аударту...

Біраз уақыт көлік қозғалысын тежегендер дегеніне жетті. Көпшіліктің ашуын басуға жергілікті әкім орынбасарының өзі келді. Басшы «бар кінә тұрғындардың өздерінде» деп отыр. Сөзіне жүгенсек, шу шығарғандар қарызға белшеден батқан ауылдардың бірі. Тіпті, жауаптылар бірнеше рет «180 мың қарыздарын өтеуін сұрап» жарықты кесетіндерін ескертіпті де.

Бақытжан Әбдіхалықов, Белбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Жалпы 120 үйдің қарызы болғанда, мысалы 60 үй төлейді, 70-і төлемейді немесе керісінше. «Электросеть» сол үшін сөндірді.

Ал ауыл тұрғындары жақпаған жарықтың қарызын өтеуге келіскісі жоқ.

Осылайша түгелдей бір ауыл тұрғындары сығырайып әрең жанатын майшаммен өмір сүруге мәжбүр. Айтуларынша, жарық күнара сөніп мазалары әбден қашқан. Жергілікті атқамінерлерден ешқайыр болмаған көпшіліктің ендігі бар үміті үкіметте. Арыз-шағымдарын әзірлеп, соңына дейін баруға бекініп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін