Алматы облысы ІІД-нің Тергеу басқармасы Бақанас ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары зардап шеккен жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғады.
Облыстық полиция баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс Қылмыстық кодекстің 3-бөлімі 296-бабы бойынша қозғалды.
«Бастапқы нұсқа бойынша, «Форд» маркалы микроавтобусты тізгіндеген 31 жастағы азамат жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Сөйтіп, Грек-рим күресінен болған жарыстан қайтып келе жатқан 20 бала мен үш жаттықтырушы мінген «Мерседес» көлігімен соқтығысқан», — дейді сұхбат беруші.
Оның айтуынша, салдарынан «Фордтағы» 38 жастағы жолаушы мен «Мерседес» көлігіндегі 15 жасар бала көз жұмды.
«Жарақат алған «Форд» жүргізушісі, 33 жастағы жаттықтырушы мен үш бала ауруханаға жеткізілді. Қалғандары медициналық тексеруден өткеннен кейін үйлеріне жіберілді», — дейді ол.