Алматы облысында жоғалған тікұшақ әлі табылмай жатыр
|
Алматы облысында жоғалған тікұшақ әлі табылмай жатыр. Іздестіру тобы бүгінге дейін 24 мың шаршы шақырым аумақты шарлап шыққан. Алайда нәтижесіз. Енді құтқарушылар Алакөл мен сол маңдағы кішігірім тоған-көлдерді де түгел тінтімек. Естеріңізге сала кетейік, бортында 8 адамы бар Ми-8 тікұшағы сенбі күні таңертең Атасу-Алашанькоу мұнай құбырын тексеру үшін шыққан болатын. Содан бері ізім-ғайым жоқ.
Сенбі күні кеткен МИ-8 тікұшағы ішінде экипаждың 5 мүшесі мен «Қазақстан-Қытай мұнай құбырлары» компаниясының 2 инженері мен «Қазтрансойл» компаниясының бір қызметкері бар. Қазір олар ұшып өтті-ау деген жерді ҚазӘуеҚұтқару мекемесінің 3 және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 1 тікұшағы сүзіп жүр.
Сонымен қатар іздестіру жұмыстарына, қайықтағы құтқарушылар мен сүңгуірлер де кіріскен. Олар Алакөл мен сол маңдағы басқа да өзен-көлдерді тінтіп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, бұл тікұшақтың суға батып кеткенінің белгісі емес. Бірақ барлық болжамдар тексерілуі тиіс. Алайда Алакөлдегі ауа-райнының құбылуына байланысты оны жіті қарау ішін әлі де күшті техника жұмылдыру қажет екен. Қазақ жерінен жоғалған тікұшақ жайлы Қытай шекарашыларына да хабарланған.
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Қытайға өтіп кетті деген болжам расталмады. Іздестіру жұмыстары барысында бүгінге дейін 25 мың шаршы метрге жуық жер тінтілген. Көз көріп аяқ жеткен жердің барлығы сүзіліп шыққанымен әзірге нәтиже жоқ.
Әлжаппар Сәретбаев, ҚР ККМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл тікұшақ Ресейде жасалған. Соңғы рет тамыз айында Новосібірде авиа жөндеу зауытында күрделі жөндеуден өтіп келген тікұшақ болатын. 2 мың сағат ресурсы болған. Тамыз айынан бері 200 сағаты ғана ұшырылған. Техникалық ақауы бәрі дұрыс болған.
Ал техниканы жалға алған «Қазтрансойл» компаниясы тікұшақтың табылатынынан үмітін үзбей отыр.
Қайыргелді Қабылдин, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры:
- Мүмкін тікұшақ амалсыздан қонуға мәжбүр болған шығар. Түрлі болжам жасап аптықпайық. Бәрі жақсы аяқталататынына сенейік. Біз өз кезегімізде қолда бар техникамызды бөліп іздестіруі жұмыстарына белсене қатысып жатырмыз.
Мынадай МИ-8 тікұшақтары Қазақстандағы мұнай құбырларын барлауға кеңінен қолданылып келеді. Жезқазғандағы базада мұндай тікұшақтың үшеуі бар. Алайда оның екеуі істен шығып, тұралап қалған болса жақында ғана жұмысқа үшіншісін үкілеп қосқанбыз дейді мамандар. Үміттен секем басым болған істе енді ел үкіметі тікұшақтың жоғалған жерін спутникпен тінту ішін Франциялық мамандарға қолқа салып отыр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін