Алматы облысының әкімі құрылыс мекемелеріне бірқатар сын-ескертпелер айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысының әкімі құрылыс мекемелеріне бірқатар сын-ескертпелер айтты

Алматы облысының әкімі құрылыс мекемелеріне бірқатар сын-ескертпелер айтты

Алматы облысының әкімі А. Баталов Талдықорған қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады.

  • 29 Қыркүйек 2015
  • 507
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бірінші кезекте Қаратал өзенінің бойы мен Талдықорған қаласының Алматы-Өскемен айналма жолы аралығын абаттандыру жұмыстары жобасымен танысқан облыс басшысы жобаның мердігері «ТАС» Корпорациясы» ЖШС жұмыстардың сылбыр жүргізіліп жатқандығын ескертіп, оны жеделдетуді тапсырды.

Облыс әкімі келесі кезекте Қаратал өзенінің жағалауындағы құрылыс алаңымен танысты. Бұл жерде өңір басшысы құрылыс жұмыстары кезінде сапасы төмен құрылыс материалдары пайдаланылып жатқандығын, оны тез арада сапасы жоғары материалдармен ауыстыру қажеттігін атап өтті. Бұл ескертулер бірінші кезекте орнатылып жатқан жол бордюрлеріне қатысты.

Осы шағын аудандағы тағы бір құрылыс нысандарының бірі — скверді абаттандыру жұмыстары. «Алакам» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарының кемшіліктерін, оның ішінде жаяу жүргінші жолының қос бетіндегі бордюр плиткалары мен оларды орнату кезінде цемент қатырмасы сапасының көңіл көншітпейтіндігін ескерткен облыс әкімі өз сөзінде:

«Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы қала тұрғындарының игілігі үшін. Бюджеттен тиісті қаражат бөлінгендіктен, аталмыш нысан ондаған жылдар бойына қала тұрғындары үшін қызмет етуі тиіс. Сондықтан бірінші кезекте оның сапасына көңіл бөлуге тиіспіз. Мердігер құрылыс мекемесіне осы айтылған ескертпелер мен олқылықтарды тез арада түзетіп, қалпына келтіруді тапсырамын», — деп атап өтті.

Тәуелсіздік көшесінің қос бетінің еңіс тұстарына бетондардың бір мерзімде құйылмауына байланысты және түрлі цемент пайдаланылуынан бір қарағанда біртектілік байқамалмайды. Бұл құрылыс ережелері талаптарының сақталмаған тұстарын да тез арада қалпына келтіру қажеттілігін атап көрсетті.

Облыс әкімінің назарынан қаланың орталығындағы сауда үйлерінің маңында орнатылған сауда дүңгіршектері мен ретсіз салынған жедел тағамдану орындары да тыс қалмады. Өңір басшысы жабайы сауда мен дүңгіршіктерге, ондағы орынсыз жабыстырылған жарнамаларға, көшелер мен арық жүйелерінің, қоқыс жәшіктерінің қоқысқа толып кеткендігіне көңілінің толмайтындығын, осы аталғанның барлығы қаланың жалпы сәулет көркін бұзатындығын ескертті.


Келесі кезекте өңір басшысы Талдықорған — Алматы тас жолының бойында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының жайымен танысты.

Жұмыс сапарын қорыта келе облыс әкімі Амандық Баталов тез арада айтылған сын-ескертпелерді қалпына келтіріп, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын үдету керектігін, ал оның тиісті деңгейде атқарылуын қатаң бақылауда ұстауды облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасы, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемесі және қаланың өзге де құзырлы мекемелері мен ұйымдары басшыларына тапсырды. Облыс басшысы Амандық Баталов жұмыс сапарының соңында:

«Талдықорған қаласы өзінің тазалығымен, экологиясымен және жасыл желегімен танымал. Сол себепті жасыл желектерді сақтау және оны арттыруға, сондай-ақ санитарлық тазалық талаптарының сақталуына ерекше мән беру қажет. Тазалыққа тек қана қалалық коммуналдық қызметтер ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары да ортақ қаламыздың таза, көрікті, жайлы әрі әдемі болуына бірлесе ат салысулары тиіс. Бірлесіп істеген іс нәтижелі болмақ», — деп сөзін қорытты. 

Соңғы жаңалықтар