Әсет Исекешевтің айтуынша, аталмыш пилотты жобаны жүзеге асыру бірінші кезекте туристік бизнеске қатысушы — туроператорлар, қонақүйлер, мейрамханалар, көлік компаниялары, табиғи саябақтар, демалыс үйлерінің өкілдері мен мемлекеттік мекемелер арасындағы ықпалдастық тетіктерін айқындауға бағытталады.
Бірінші кезекте бұған дейін елімізде жолға қойылған туристік өнімдер, атап айтсақ, танымдық, экстремалдық, қызғылықты және экологиялық туризм сынды өнімдер дамытылады, деді Е.Исекешев. Сонымен бірге елімізді Ұлы Жібек жолын бойлай туризмді дамыту жөніндегі халықарлық жобаға одан әрі қатыстыру көзделіп отыр. Осыған байланысты вице-министр туристік бизнес өкілдеріне ҚР индустрия және сауда министрлігінің жанынан құрылған кластерлік комитет пен жұмыс топтарының жұмысына белсене атсалысуды ұсынды.
Әсет Исекешевтің айтуынша, ҚР үкіметі ішкі туризм мен сырттан келушілерге арналған туризмді дамытуға бағышталған мемлекеттік бағдарлама жобасын жасау мүмкіндіктерін қарастыруға әзір. «Республика үкіметі Қазақстанның шетелдердегі туристік имиджін қалыптастыру бағытында да пәрменді жұмыстар тындырмақ ниетте»,- деді вице-министр. Ол үшін отандық компаниялардың шетелдік туроператорларға ұсына алатын өнімдеріне қатысты ақпараттарды жинау қажет. Сонымен бірге министрлік туризм саласын көлік және техникамен қамтамасыз ету үшін «Қазагрофинанс» лизингтік компаниясына ұқсас қаржылық-лизингтік құрылым қалыптастыруды жоспарлаған.
Министр орынбасарының айтуынша, елімізде туристік бизнесті дамытудың болашағы бар бағыттары ретінде «Байқоңыр» ғарыш айлағына сапарлар ұйымдастыру, Каспий теңізімен круиздер ашу және Шығыс Қазақстанға сапарлар ұйымдастыруды атауға болады.
Ал ҚР индустрия және сауда министрлігінің туризмді дамыту комитеті төрағасының орынбасары Евгений Никитинскийдің айтуынша, 2004-жылдың 9 айында Қазақстанға 3 млн. турист келді.