Бұл туралы «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы облысы бойынша ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты кеше сағат 17.00-дeн бастап «Алматы-Өскемен» жолының 558-615 шақырымындағы «Рубеж бекеті- Шығыс Қазақстан облысы шекарасы» аралығында қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктің қозғалысына тыйым салынған болатын. Бүгін сағат 07.00-ден бастап жол ашылды.
Сонымен қатар кеше кешқұрым «Алматы-Ташкент-Термез» жолының 59-143 шақырымында автокөліктің барлық түрлері үшін жолға шығуға тыйым салынған еді. 20 желтоқсанда сағат 20:30-дан жеңіл автокөлік қозғалысына жол ашылды.
Бұған қоса кеше боранға байланысты «Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас» автожолының 107-164 шақырымындағы «Шелек-Көкпек» учаскесінде қоғамдық және жүк автокөліктері үшін қозғалыс шектелді.
Ал Жамбыл облысы бойынша бүгін сағат 05.00-ден боран салдарынан «Алматы-Ташкент-Термез» жолының 192-160 шақырымындағы «Қордай бекеті-Отар бекеті» аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол жабылды.
Бұдан бөлек Павлодар облысы өңіріндегі аязға байланысты кеше «Омбы-Майкапшағай» жолының 419-587 шақырымындағы «Павлодар — Шығыс Қазақстан облысы шекарасы» аралығында қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктің қозғалысына тыйым салынған болатын. Бүгін таңертеңнен бастап жол ашық.