Алматы полициясы жергілікті базардан 8 мыңнан аса қарақшылық DVD тәркіледі
Алматы полициясы қаладағы бір базардан лицензиясыз бейнеөнімдер сататын дүңгіршекті анықтап, Қырғызстаннан әкелінген 8 мыңнан аса қарақшылық DVD тәркіледі,деп хабарлайды қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі. |
«Криминалдық полицияның оперативті қызметкерлері қала базарларының бірінде DVD-дискілердің саудасын ұйымдастырған 23 жастағы алматылық тұрғынды ұстады. Тәртіп сақшылары фигуранттың кім екенін, оның кәсібінің заңдылығын бірнеше күн бойы тексеріп, Алматыға контрафакт өнім жеткізілетін арнаны анықтады. Бұл жерде Қырғызстаннан қарақшылық өнімдерді жеткізудің жолға қойылған арнасы туралы сөз болып отыр», - делінген сейсенбі күні таратылған ақпаратта.
Полицияның мәліметтеріне сәйкес, күдікті дискілерді Бішкектен әкелген, ол біреуін Т60 сатып алып, осында Т150-ден сатқан.
«Бейнеөнімдердің бәрі көрші мемлекетте қолдан жасалғаны анықталды. Сыртқы қаптамасы қарапайым полиэтилен болған», - деп мәлім етті Алматы ІІД криминалдық полиция басқармасының «К» бөлімінің бастығы Александр Нежинский.
«Алдағы тергеу барысында біз азаматтың қолындағы декларацияланбаған тауармен шекарадан қалай өткенін анықтаймыз. Дискілер тәркіленді, азаматтың әрекеттері зияткерлік меншік құқықтарын бұзу деп бағаланып отыр», - деді ол.
Оның айтуынша, контрафакт өнімнің көтерме партияларын сатып алып, Алматының басқа базарларында саудалайтындар да анықталды. «Жақында олар да ұсталады», - деп сендірді тәртіп сақшысы.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін