Я.Заяц осы орайда 2005-жылы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында Алматы аумағында 442,5 мың шаршы метр, соның ішінде көп пәтерлі үйлерде 292,5 мың шаршы метр, жеке меншік секторда 150 мың шаршы метр тұрғын үй салу межеленгенін еске салды. Ипотекалық несие беру бағдарламасының аясында 127,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. 2005-жылға арналған республикалық бюджеттен 393,75 млн. теңге бөлініп, оған 54 пәтерлі, тоғыз қабатты екі үй салынып, коммуналдық тұрғын үй қорына қосылады.
2005-жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 200 мың шаршы метр тұрғын үй немесе жоспардағы меженің 45 проценті бой көтерді, деді әкімнің орынбасары.
Я.Заяцтың айтуынша, Алматыдағы құрылыс саласының әлеуеті құрылыс көлемін жылына 500 мың шаршы метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда оған бірнеше объективті себептер кедергі келтіруде. Мәселен, соңғы бірнеше айда құрылыс материалдарының бағасы 100-200 процентке қымбаттады. Соның шінде цемент құны 3 есе, кірпіш пен бетон құны 2 есе өскен. Құрылыс компаниялары кірпіш қалаушылар, ағаш шебері, монтажшы, дәнекерші, машинистер сынды кәсіби мамандық иелеріне аса мұқтаж.
Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырушы компаниялар бағаның қымбаттауы салдарынан табыс таба алмай отыр, дейді Я.Заяц. Бұған тіпті қалалық әкімшіліктің 1 шаршы метр тұрғын үйдің 350 долларлық құнына 1,27 деген коэффицент енгізуге қол жеткізуі де септігін тигізе алмай отыр. Бұл коэффицент Алматыдағы тұрғын үйлердің жер сілкінісіне төзімділік талабына сәйкес енгізілген, бірақ оған инженерлік желілер мен үй аумағын жайластыру шығындары қамтылмайды.
Жалпы алғанда тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылатын үш жылда Алматыда 1,8 млн. шаршы метр баспана салынып, 26 мың отбасы қамтамасыз етілуге тиіс.