Оңтүстік Кореяның жетекші 30 компаниясының басшыларынан құралған өкілдер елімізге Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшісі Дархан Бердалиевпен бірге келген. Кореяның шағын және орта бизнес федерациясының өкілдері Алматыда өткен екі елдің бизнес-форумына қатысты. «Форум барысында отандық кәсіпкерлер Оңтүстік Кореялық әріптестеріне айрықша тартымды деп саналатын инвестициялық жобалармен таныстырды. Әсіресе басты назар Қазақстан және Корея мемлекет басшыларының өзара сапары барысында жасалған Оңтүстік Кореяның шағын және орта кәсіпкерлік компанияларын Қазақстанға тарту туралы келісімді жүзеге асыруға арналды»,- дейді елшіліктегілер.
Сонымен бірге Кореялық кәсіпкерлер Астанада ҚР парламенті сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаевпен және ҚР индустрия және сауда министрінің орынбасары Иван Кравченкомен кездесіп, онда шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы екі жақты ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Кореяның шағын және орта бизнес федерациясы үкіметтік емес және коммерциялық мақсатты көздемейтін ұйым ретінде 1962-жылы құрылған. Ұйым Кореяның шағын және орта бизнеспен шұғылданатын компанияларының дамуына ықпал жасау, оларды шетелдік әріптестерімен байланыс орнатуға ынталандыруды мұрат тұтады. Қазіргі жағдаймен федерацияға 80 мың шағын және орта кәсіпорындар біріккен. Оңтүстік Кореяның экономикалық белсенді тұрғындарының 87 проценті (шамамен 10 млн. адам) елдегі шағын және орта кәсіпорындарда жұмыс істейді.