Алматы қаласы халықаралық әуежайының екінші ұшу-қону алаңының тұсаукесері болды (толық нұсқасы) - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы қаласы халықаралық әуежайының екінші ұшу-қону алаңының тұсаукесері болды (толық нұсқасы)

Алматы қаласы халықаралық әуежайының екінші ұшу-қону алаңының тұсаукесері болды (толық нұсқасы)

Алматы. 30 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Алматы қаласы халықаралық әуежайында бүгін екінші ұшу-қону алаңының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды агенттік тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • 30 Қыркүйек 2008
  • 616
Фото - Caravan.kz

Алматы халықаралық әуежайында жаңа ұшып-қону алаңының ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты.

Екінші ұшып-қону алаңы Азия мен Европа арасындағы әуе көлік ағындарын байланыстыра отырып, Алматыны әлемдік көлік жүйесіндегі маңызды транзиттік және логистикалық орталықтар қатарына қосып отыр.

Соңғы жылдар ішінде Қазақстан арқылы әлемнің бетке ұстар әуекомпаниялары (Lufthansa, KLM, FEDEX және басқалар) тарапынан В-747-400, MD-11, Ан-124 сияқты ауыр ұшақтармен жасалатын жолаушы және жүк тасымалы мен транзиттік рейстер саны артып келеді. Қатты емес (асфальтобетонды) жамылғыларды күрделі жөндеуден өткізу уақыты нормативтер бойынша 5 жылдан 7 жылға дейінгі уақытты алады. Ал қазіргі кездегі бірінші ұшып-қону алаңының жөндеуден кейінгі ауыр ұшақтардың ұшып-қонуымен пайдалану уақыты 9 жылды құрайды. Осыған байланысты Алматы халықаралық әуежайының басшылығы екінші ұшып-қону алаңын салу жөнінде шешім қабылдаған.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Халықаралық авиация комитетінің мамандар тобы тарапынан IIIА санатында ұшуға Сертификат беру мақсатында Алматы аэродромының авиациялық талаптарға сәйкестігіне зерттелуі жүргізілді және жүргізілген жұмыстар сапасына жоғары баға берді.

Алматы халықаралық әуежайының президенті Тайыр Ыдырысовтың сөзінше, соңғы жылдар ішінде Алматы әуежайында көптеген жақсы өзгерістер болып, Азия-Европа-Азия бағытындағы басты жүк және жолаушы тасымалдауға бағытталған халықаралық хаб және көліктік-таратушы орталығының дәрежесін иемденді. Жаңа ұшып-қону алаңының ашылуы Алматы халықаралық әуежайына жүк және жолаушы тасымалдау санын едәуір арттыруға септігін тигізеді.

«Казкоммерцбанктің» атқарушы директоры Мағжан Әуезов КАЗКОМ үшін Алматы әуежайының инфраструктурасын жаңалау үлкен әлеуметтік маңызы бар шара екендігін атап өтті. Қаржыландырудың жалпы көлемі $143 млн. құрады. Алаң құрылысы — оның бір ғана бөлігі, кезекте халықаралық терминалдың құрылысын аяқтау мақсаты тұр.

Салтанатты шараны ашқан қала әкімі еліміздің білім, ғылым және қаржы орталығы болып табылатын Алматының болашақта туризм сааласын дамытуда да үлкен маңызға ие болатындығын ерекше атап өтті.

«Бұл жаңа ұшу — қону алаңы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тіпті көріну деңгейі 50 метр болатын ұшақтарды да қабылдай береді. Болашақта Азия ойындары өтетін Алматы үшін бұл алаңның халықаралық маңызы да орасан зор. Осы арқылы біз халықаралық қоғамдастықтың өзімізге деген қызығушылығын арттыратын боламыз. Бұл жаңа алаң ТМД елдері ішінде өзінің техникалық көрсеткіштері бойынша ең үздік болып саналады. Сондықтан да мен қалалықтар және әкімдік атынан жаңа алаң салуға тапсырыс берушілерге, осы жобаны жүзеге асырған жобалаушыларға, құрылысшыларға алғыс айтамын. Бұл жаңа алаң тек алматылықтарға ғана емес, біздің қонақтарымызға, жалпы еліміздің игілігіне қызмет етеді деген сенімдемін» ,- деді Ахметжан Есімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Соңғы жаңалықтар