Б.Әбіловтың айтуынша, 2001-жылы экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігінің Алматы қалалық департаментіне К.Ақмолдашев есімді қала тұрғыны шағым айта келген. Ол қаржылық қитұрқылықтардың кесірінен пәтер сатып алам деп жүріп, ақшасынан да, баспанасынан да айрылып қалғанын хабарлайды.
Оның айтуынша, «Феердиль» ЖШС риэлторлық фирмасының көмегімен 2000-жылы екі бөлмелі пәтер сатып алған. Сауда-саттық кезінде үш жақты келісімге қол қойылады. Соған сәйкес ол пәтердің құнын «Феердиль» ЖШС-нің кассасына бірден емес, біртіндеп өткеріп отыруға, ал фирма оны сатушыға жалғастыруға міндеттеме жүктеп алады. Сауда-саттық құны 543,7 мың теңгені құраған.
Осыдан бір жарым жылдан кейін сатып алушы берешегінің 90 процентінен құтылған сәтте риэлторлық фирманың қожайындары оған бұрынғыдан да жақсы пәтер береміз деген сылтаумен пәтерін сатуға көндіреді. Сөйтіп, құжаттарды қолдан жасаған риэлторлар К.Ақжолдашевтың пәтерін сатып жібереді де ол ақшасы мен пәтерінен қатар айрылып қала береді.
Аталмыш қылмысты тексеру барысында «Феердиль» ЖШС-нің көмегімен пәтер сатып аламыз деп алданып қалған тағы үш адам табылады. Б.Әбіловтың айтуынша, фирма осындай 30 келісім-шартын жасасқан.
Сонымен бірге қаржы полициясы пәтерге қатысты қитұрқы әрекеттерін жүзеге асыру үшін «Феердиль» ЖШС кассалық қызмет көрсетуге Ұлттық банктің лицензиясын алмастан қолма-қол ақша қабылдау және беру операцияларымен айналысқанын анықтады. Осындай қызмет түрін көрсету арқылы фирма бір жылда 6,5 млн. теңгенің пайдасын тапқан.
Б.Әбілов жылжымалы мүлік рыногы дамыған сайын лицензия алмастан осындай кассалық операциялар жүргізу тұрақты сипатқа көшкенін жоққа шығармайды. Осыған байланысты ол қалыптасып отырған қолайлы ахуал басқа риэлторлық фирмалардың да мұндай әрекетті қайталау мүмкіндігін арттыра түскеніне алаңдаушылық білдірді.
Қазір аталмыш іс бойынша қозғалған іс сотқа өткерілді. «Феердиль» ЖШС риэлторлық фирмасының жетекшілерінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.