2005-жылдың 14-қаңтарында «ПетроҚазақстан»ЖШС-нің президенті Томас Дворжак Алматы қалалық сотына «ТорғайПетролеум» ЖАҚ өкілдігінің үстінен шағым түсірген. «ТорғайПетролеум» ЖАҚ-ның акционері болып табылатын «ПетроҚазақстан» компаниясының атынан «ТорғайПетролеум» ЖАҚ директорлары кеңесінің мүшесі ретінде Т.Дворжак соттан «ТорғайПетролеум» ЖАҚ-ның бас директоры Алик Айдарбаевқа 2005-жылдың қаңтар айындағы мұнай экспорты туралы келісім-шартын Бірлескен кәсіпорынның директорлары кеңесінің қарауына ұсынуды міндеттеуді сұрайды.
Сол күні Алматы қалалық соты «ТорғайПетролеум» ЖАҚ мен «Литаско», «Петрофонт ЛТД» және «Петрочайна Интернэшнл Қазақстан» компаниялары арасындағы келісім-шарт бойынша шикі мұнай саудасын доғару шарасын қолдау жөніндегі шағым иесінің өтінішін қанағаттандырды.
Ал «ТорғайПетролеум» ЖАҚ-ның хабарламасында атап көрсетілгеніндей, «мұнай саудасын доғару кәсіпорынның келісім-шарт бойынша жүктеп алған міндеттемелерін, соның ішінде КТК жүйесіне мұнай жіберу міндеттемесін орындамауға апарып соғатындықтан, «ТорғайПетролеум» ЖАҚ іс-қызметінің тұрақтылығына нұқсан келтіріп қана қоймай, мұнай өндіруді жартылай немесе біржола доғаруға себепші бола алады».
Өзара уағдаластыққа сәйкес «ПетроҚазақстан» мұнай бағасын рынок құны бойынша төлеуі тиіс. Алайда, төлемнің басым бөлігі арзан бағаға төленіп келген немесе мүлдем төленбеген. Бұған жауап ретінде «ЛУКОЙЛ Оверсиз» бен «Торғай Петролеум» «ПетроҚазақстан» компаниясынан 100 млн. доллар көлемінде берешекті талап еткен.