Алматы тәртіп сақшылары маскүнем отбасыларды жаппай тексеріп жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 540.78
  • 618.65
+20 °C
Алматы
2025 Жыл
1 Тамыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы тәртіп сақшылары маскүнем отбасыларды жаппай тексеріп жатыр

Алматы тәртіп сақшылары маскүнем отбасыларды жаппай тексеріп жатыр

Ішкілікке салынған ата-ана, берекесіз отбасы. Алматының тәртіп сақшылары маскүнемдердің ордасына айналған бірнеше шаңырақты тексеріп, арнайы рейд ұйымдастырды. Сондай-ақ, қаршадайынан қара жұмысқа жегілген жасөспірімдер де анықталып отыр. Әсіресе оңтүстік астананың “барахолка” атанған базарында. Мұндағы жүк түсіріп, сауда жасап жүргендердің көбі көрші елдерден келген. Полицейлер 18-ге толмаған осындай бірнеше баланы уақытша оқшаулау орталығына әкетті. 

  • 27 Шiлде 2012
  • 569
Фото - Caravan.kz

Тағдырдың тауқыметін жастайынан тартып, қаршадайынан қайырымы жоқ маскүнем ата-анаға телмірген бүлдіршін бұл. Үй ішін жайлаған қолқаны қабар күлімсі иіс, тіске басар таппайсыз мүлде. Бұл жолы берекесіз шаңыраққа бас сұққан тәртіп сақшыларынан әр бұрышта түнімен ішкен арақтан «бастары сынып» отырған кезбелер үрікпеді, тым-тырақай қашпады. Қарсыласуға қауқарлары жоқ. Ал бүлдіршіннің ахуалын білмекке келген полицейлерге төсектен басын көтере алмай жатқан сәбидің анасы ғана наразы.

10 жасар Арина жүйке аурулары ауруханасында тіркеуде тұр екен. Осы жасына қарамай мектеп табалдырын әлі аттамаған. Ал бар тапқанын қу құлқынға құятын анасы, мектеп бере алмаған білім мен тәрбиені өзі беріп отырғанын айтып бет бақтырмайды. Полицейлерге енді маскүнем әйелді ата-ана құқынан айырудан басқа амал жоқ сияқты. 

Ержан Базаров, Кәмелет жасына толмағандар ісі жөніндегі аға инспектор:

Қазіргі уақытта Жетісу аудандық ішкі-істер басқармасына қарасты инспекторлар осы отбасына байланысты құжаттар жинап жатыр. Комиссияға шығаруға. Баланы орналастыру керек. Ата-анасына түзелмейтін болса шектеу қою қажет. Егер түзелмейтін болса, ата-аналық құқынан айырамыз.

Шайқалған шаңырақтың жайы мәлім болды. Ендігі нысан-Алматының атақты барахолка базары. Рейд барысында қаршадайынан қара жұмысқа жегілген жеткіншектерді де құрықтау қарастырылған. Ал аталмыш сауда орнында ондайлар жетіп-артылады. Ә дегеннен құрыққа аяқ-киім сататын дүңгіршекте сатушы болып істейтін жасөспірім түсті. Тексере келе шекараны заңсыз кесіп өткен жеткіншек шетелдік болып шықты. Бірақ заңсыз жүргені есінен шықса керек, полициямен қарсыласудан тайынбады.

Тексеру барысында Қырғызстаннан келіп, Алматы базарында сауда жасап жүрген 7 жасар бүлдіршін де ұсталды. Тәртіп сақшылары енді олардың жеке бастары анықталғанша жасөспірімдерді уақытша ұстау орталығында ұстамақ.


Гүлбану Мекебаева, Кәмелет жасына толмағандар ісі жөніндегі инспектор:

Жазғы уақыт болған соң, балалардың көпшілігі осындай базарларда жұмыс істейді. Ата-аналары, мекен-жайлары анықталғаннан кейін елдеріне қайтарылады.

Көңіл көтертпейтін сандарға сүйенсек, Алматыда кәмелет жасына жетпеген 808 жасөспірім ұрлық-қарлық, бұзақылық жасағаны үшін тіркеуде тұр екен. Ал 920 бүлдіршін берекесі кеткен отбасыларда тәрбиеленуде. Жыл басынан бері 9 адам ата-ана құқығынан айырылған.