Алматыда жолаушылар қоғамдық көліктің қайда келе жатқанын смартфон арқылы онлайн режимде біліп отыратын болды, деп хабарлайды Sputnik "Оңай Pay" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұйымның хабарлауынша, жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін Алматы автобустарының қозғалысын онлайн режимде бақылап отыру функциясы іске қосылды.
"Оңай" қосымшасының "Бағдарлар" бөлімінде керекті бағдарды таңдап, қоғамдық көліктің аялдамаға қаншалықты жақын екенін білуге болады. Сонымен бірге, ең тиімді бағдарды анықтап, сол автобустың/троллейбустың қозғалысын бақылай аласыз.
"Oңай Pay" директоры Александр Зайкиннің сөзіне сүйенсек, қолданушы бағдардың бастапқы және соңғы нүктесін белгілесе, сервис сол параметрлерге сәйкес келетін қоғамдық көліктер мен жолға кететін уақыт мөлшерін ұсынады.