Алматы тұрғындары үшін электрэнергиясының бағасы 6 пайызға қымбаттады - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы тұрғындары үшін электрэнергиясының бағасы 6 пайызға қымбаттады

Алматы тұрғындары үшін электрэнергиясының бағасы 6 пайызға қымбаттады

Жаңа жыл енді бастала салысымен қашанғыдай тарифтік қызметтердің бағалары шарықтап шыға келді. Алдымен Алматы мен Алматы облысы бірінші боп электр энергиясының бағасын 6 пайызға бір-ақ өсірді. Енді жарықты үнемдеп тұтынбайтындар бүгіннен бастап әр киловатқа 13 теңге 56 тиыннан төлемек.

  • 11 Қаңтар 2013
  • 343
Фото - Caravan.kz

Жұртты жарықтан тарықтырып, бірақ бағасын арттырып жіберген ақ жағалылар бүгін жылдағыдай моп-момақан кейіпте келді жиналыстарына. Қарашаның қымбатшылыққа еті өліп кетті деді ме, электр энергиясының құны 6 пайызға шарықтайды деп шорт кесті. Тұрғындар енді әр киловатқа 13 теңге 56 тиыннан төлеуі тиіс. Ал тарифті көтеріп, көптің көңілін күпті қылған электр энергиясын сатушы компаниялар екен.

Болат Құлатаев, “АлматыЭнергоСбыт” ЖШС тұтынушылармен байланыс бөлімінің директоры:

— Өздерінің инвестициялық бағдарламасын орындау үшін сол тарифті көтеріп жатыр. Ал оның ішіне не кіргенін біз білмейміз. Бағдарламаның ішіне жөндеу жұмыстары кірген бе, басқа бірдеңе сатып алу ма. 70 пайыз электр желілерін ауыстыру да керек. Жөндету керек.

Өзі жоқтың көзі жоқ, бүгінгі басқосуда қымбатшылыққа айыпты деген сол компаниялардың бірде-бір өкілі төбе көрсетпеді. Ал қарапайым қараша қашанғыдай қалтамыздың түбінде пәтір нанға ғана пұл қалатын болды деп қапалы.

Қаламқас Байғожина, Алматы қаласының тұрғыны:


Мен күніне 1500-ақ теңге аламын. Маған ол ауыр тиеді. Ол 1500 теңгеден өзіме түк те қалмайды, барлығы сол коммуналдық төлемдерді төлеуге ғана кетеді.Тағы көтере берсе төлеу мүмкін емес, төлей алмаймын.

Мұхамеджан Сарымбетов, Алматы қаласының тұрғыны:

— Істеген ақшамыздың барлығын осыған беріп жатырмыз. Бізге тек кішкене қалады болды. Не істейміз басқа, Үкіметке қарсы ештеңе істей алмаймыз.

Жалпы есептеп көрсек, 2009 жылдан бері еліміз бойынша жарықтың бағасы 18 пайызға өскен. Қарашаны қанаудан алдына жан салмайтын шенділер жұртты жаңа жылда осылай қуантып отыр. Ақысын алғаны бар, бірақ сапасына келгенде жұрдай екенін жұрт тағы білді. Яки осы жылы ғана бір Алматының өзінде бірнеше рет себепсіз жарық өшіп елді әбігерге салған еді. Бүгін де сол электр желісіне жауаптылар ақысын аламыз, бірақ сапасына басы бүтін жауап бере алмаймыз деп қипақтап қалды.