Алматы әуежайының басшылығы әуежай аумағында орналасқан сауда орындарындағы тауар бағасына ықпал ете алмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл мәселе сонау 90-шы жылдары пайда болған. Сол кезде Алматы әуежайындағы сауда орындары жеке ұйымдарға сатылып кеткен. Сондықтан, ол орындардағы бағаға ешқандай да ықпалымыз жоқ. Біз бұл орындарды өзімізге қайта сатып алғымыз келді, бірақ иелері өте қымбат баға айтты. Мен біздің әуежайдағы азық-түлік бағасын ТМД елдеріндегі әуежайдағы бағалармен салыстырдым. Мысалы, Мәскеудегі Домодедово әуежайындағы бір бөтелке су Алматы әуежайындағы судан арзан емес», — деді «Алматы Халықаралық әуежайы» АҚ Президенті Айбол Бекмұхамбетов.
Бұл мәселеге қатысты Алматы әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері пікір білдірді.
«Терминалдар орналасқан аумақта бәсеке жағдайын туғызатындай жаңа сауда нүктесін ашу мүмкін емес. Дегенмен, Қоғамдық кеңес мүшелері сауда орындарының иелерімен келіссөздер өткізіп, 1-ші қабаттан бюджеттік асхана ашуға қол жеткізді. Бұл салада жұмыстар жүріп жатыр, бірақ қалай болғанда да соңғы сөзді сауда орындарының қожайыны айтады», — дейді ҚК мүшесі Денис Кривошеев.
Сонымен қатар, бұл кездесуде әуежай басшылығы әуежайдағы қызмет сапасы туралы кеңірек тарқатып айтып берді.
«Қазіргі уақытта әуежай қызметі билет құнының 11-14 пайызынан аспайды. Халықаралық әуе рейстерінен 1 900 теңге жиналатын болса, ішкі рейстер 406 теңгеден төлейді. Бұл қаржы ұшып, қону терминалдарына қызмет көрсетуге, электржарығына, навигация қызметіне жұмсалады. Қазіргі уақытта Алматы әуежайы қуаттының 30 пайызын ғана жұмсап отыр. Мәселен, жылына Алматы әуежайы 14 млн жолаушыға қызмет көрсетуге қабілетті болса, 2016 жылы 4,8 млн жолаушыға қызмет көрсетілген немесе тәулігіне 160 ұшақ келіп, аттандырылған. Болжам бойынша, 2017 жылы Алматы әуежайынан 5,5 млн жолаушы сапарлайды деп ойлаймыз. Біз кеңейтуге, қосымша терминал салуға дайынбыз. Бірақ, біз қазір Алматы шетінен жаңа әуежай салу туралы ұсыныстың біржақты шешілуін күтіп отырмыз. Егер ол салынса, онда қазіргі әуежайды кеңейтудің қажеті жоқ болады», — деді әуежайдың бірінші вице-президенті Қобланды Тұмышев.
Айта кетейік, Алматы халықаралық әуежайы рейстерге қызмет көрсету жағынан ТМД елдері ішінде ең үздік әуежайлардың бірі. Әуежай балансында барлық рейстерге қызмет көрсететін 386 техника бар. Алматы әуежайы қар тазаланбағанның кесірінен рейстерді ешқашан тоқтатқан емес. Рейстер ауа райының қолайсыздығына, қалың тұманға байланысты ғана тоқтап, я кешігіп ұшқан.