Жарияланды: 190

Алматы вокзалындағы күшейтілген қауіпсіздік шаралары көзбояушылық боп шықты

Қауіпсіздік тек камера алдында екен! Париждегі жарылыстардан соң іле-шала науқандатып күзетті күшейткен Алматы вокзалында тілшілер кете салысымен қауіпсіздік жайына қалған. Жолаушылардың қамы үшін деп арнайы алдырған құрылғы да, кіреберістен бастап тінтитін ит жетектеген күзетшілер де журналистер үшін жасалған көзбояушылық болып шықты.

-Тұра тұрыңыз артыңызды тексерсін! Арқасын тексерсін, болды жібер!

Теміржол бекетінде тәртіп те темірдей. Емін-еркін кіріп-шығу деген енді жоқ сияқты көрінген алғашқы күндері. Жұрттың бәрі детектор арқылы өтіп,тіпті иісшіл иттерге дейін тартылған болатын. 

Ерік Шінтепов, «Вокзал-сервис» АҚ аймақтық филиалының директоры:

-Қауіпсіздікті күшейттік. Қырағы күзет күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Бекетке келгендердің бәрін арнайы құрылғылар арқылы тексереміз.

Сөйтсе, мұның барлығы науқандық шара екен. Камера алдында көсілген басшының сөзі де, көрсетілген күзеттің жұмысы да тілшілер кете салысымен тоқтаған.  Тіпті түнде де сөмкелерді тексеріп әуре-сарсаңға түскен күзетшіні таппадық. Ал жаңадан сатып алынған аппарат жайына қалған. Сөмке арқалаған жұрт арлы-берлі еркін өтіп жатыр.

Бекеттің кіреберісі тұрмақ, жанындағы қақпалары да ашық-шашық. Қауіпсіздікті күшейттік дегендер жолаушылар ең көп жүретін есігіне күзет те қоймапты.

-Бағанадан бері ашық тұрды ғой!

-Ия, ия, кешіріңіз,

Міне, таңертеңнен бері айқара ашық тұрған кіреберіс есікті теміржол бекетінің қызметкерлері тек түсіріп жатқан камераны көргеннен кейін ғана апыл-ғұпыл жауып жатыр. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін