Олар 26 маусым күні клубтық Азия чемпионатына қатысу үшін Қытайға аттанады. 30 маусым мен 8 шілде аралығында өтетін бұл байрақты бәсеке Шанхай қаласында болады. Ұлттық құраманың өзге командаларының мүшелерімен нығайтылған бұл жиынға 16 ойыншы шақырылып отыр. Олардың арасында «Алматыдан» Әсет Базарқұлов, Нөдірхан Қадырханов, Юрий Стулов, Дмитрий Горбатков, Антон Юдин, Алексей Гутор, Виталий Мироненко, Александр Стольников, Виталий Эрдштейн, Олег Веригин, Сергей Кузнецов, «Атыраудан» Нариман Сүлейменов пен Нариман Әубәкіров, «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыстан» Максим Мамедов, «ТНК Қазхромнан» Тасқын Шарипов, «Конденсаттан» Виталий Вориводин бар.
Азияның 17 елінің үздіктері қатысатын бұл чемпионаттың іріктеу кезеңінде алматылықтар Индонезия, Үндістан және Кувейт волейболшыларымен кездеседі. Былтыр Индонезияда өткен клубтық Азия чемпионатында олар ақтық сында Иранның «Пейкан» командасына ұтылып, күміс жүлдемен оралған болатын.