«Алматы және Астана қалаларында азаматтарды тіркеуге алуға шектеу қою керек пе?» - БАҚ-қа шолу
«Ақтау соты қылмыскер Әбіләзовтің шет елде жасырынып жүріп, Қазақстанға қарсы теріс әрекеттер жасағанын анықтады. Бұл алаяқ қазақстандықтардан ұрлаған ақшаға елдегі жағдайды тұрақсыздандыруды көздеді. Ол қарапайым жұмысшыларды пайдаланып, айдап салып, арандатты. Ал оның осы арам ойларын орындауға Козлов және «Алғаның» басқа да мүшелері көмектесті. Иә, бірнеше миллиардтаған долларды қалтасына басып елден қашқан Әбіләзов пен ол құрған ұйымдасқан |
қылмыстық топқа басшылық еткен Козлов болмағанда Жаңаөзенде орын алған қайғылы оқиға да болмас па еді. Бірақ айдаhардың бір басын кессең, екінші бас өсіп шығады дегендей, кім біледі, қазіргі күні ақшаға сатылатындар аз болмай тұр ғой»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Осы мәселе жайында жазылған мақала газетте «Козлов - Әбіләзовтің қылмыстық бұйрығын орындаушы» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның жазуынша, Мәжіліс төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасында ғарыш саласын құрудың өзекті мәселелері» деген тақырыппен Үкімет сағаты өтіп, онда Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев баяндама жасады. Т.Мұсабаевтың сөзіне қарағанда, бүгінде ғарыш жүйесін жобалау кезеңі аяқталып, қосалқы жүйелерінің сынағы және құруы жүргізілуде. Францияның жұмыс орындарында жобаны жобалау, жинау, сынау және пайдалану бойынша 66 қазақстандық маман екiжылдық тәжірибелік тағылымдамадан өтуде. 2011 жылда пайдалануға берілген «KazSat-2» спутнигі 9 қазақстандық телекоммуникациялық компанияларға қызмет көрсетуде. Енді «KazSat-3» ғарыш аппаратын құру жұмыстары басталған. Бұл мақала газетте «Ғарышқа қарышты қадам қажет» деген тақырыппен жарық көрді.
***
«Айқын» газетінде «Қашағанда үлес сатылады» атты мақала басылды. Америкалық ConocoPhillips мұнай компаниясы Қазақстандағы ең ірі мұнай кеніші болып есептелетін Қашағандағы үлесін сатуды көздеп отырған көрінеді. Бірақ ол туралы біздің билік басындағыларға ұсыныс жасамағаны жайында бұдан бұрын хабарланған болатын. Аталған компанияның Қашағандағы үлесі 8,4 пайызды құрайды. Солтүстік Каспий жобасынан не себепті шыққысы келіп отырғанын америкалық компания ашып айтқысы жоқ. Ақпарат неғұрлым тұйық болған сайын, оның сырын білгісі келетіндер де көп болатыны белгілі. Сарапшылардың айтуынша, ConocoPhillips үлесін сатса, одан түсетін қаржы 5 млрд долларды құрайды екен. 5 млрд доллар ірі компания үшін қызығарлықтай қаражат емес. Соған бола болашақта үлкен табыстар әкелетін кеніштегі үлесінен айырылу компанияға не беретіні жайында әркім әртүрлі жорамалдар жасауда. «Баррель» инвестициялық компаниясының сарап және талдау бөлімі сарапшыларының пікіріне сүйенетін болсақ, ConocoPhillips-тің ішкі проблемалары қордаланып қалған, үлесті соған байланысты сатқалы отыр. Сондықтан да компания 10 пайыздан аспайтын шағын акциялардың пакеттерінен құтылмақшы. «Номос Банк» деп аталатын тағы бір компанияның сарапшылары керісінше, америкалық компанияның жағдайының мықты екенін тілге тиек ете келіп, ConocoPhillips-тің өзінің Қашағаннан да маңызды стратегиялық жобаларына жұмыла кіріспекші деп болжам жасауда.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, сіз бен біз күнделікті тұтынып жүрген судың қадіріне жете алмай жүргендейміз. Сондықтан біз тұтынып жүрген суға шекті тариф енгізілетін болды»,-деп жазады «Айқын» басылымы «Суға шекті тариф енгізіледі» атты мақаласында. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының шеңберінде суға шекті тариф енгізу мәселесі көтеріліп жатыр. Есте болса, қазан айының басында Үкімет жетекшісі Серік Ахметов құзырлы орындарға суға шекті тарифті енгізу бойынша мәселені қарастыруды тапсырған болатын. Жуырда ғана Табиғи монополияны реттеу агенттігі суға шекті тариф енгізудің жобасын жасап, ұсынды. Негізі біздің елде электр энергиясына шекті тарифті енгізу тұрғысында жақсы тәжірибе жинақталған. Шекті баға тарифін белгілеу бүгінде ескіріп, тозығы жеткен су арналарын жаңғыртуға мүмкіндік береді деген үміт бар. Оның үстіне, су саласындағы жұмысшылардың жалақысына да жамау бола ма деген дәме де жоқ емес. Себебі су арналарын жаңғыртуға жұмсалатын инвестицияның бір бөлігі бюджеттен, бір бөлігі тарифті көтеру арқылы жасақталады.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі Ой-көкпар айдарында «Алматы және Астана қалаларына азаматтарды тіркеуге алуға шектеу қою керек деген пікірмен келісесіз бе?» деген сауал мамандар талқысына салынып отыр. ҚР Мәжілісінің депутаты Рауан Шаекин халықты баспанамен қамтамассыз ету үшін Алматы мен Астана қалаларында азаматтарды тіркеуді шектеген дұрыс деген пікір айтса, заңгер Арықбай Ағыбаев бұл Қазақстан азаматтарының құқығын шектеу деп есептейді. Осы ойды қорыта келе басылым: «Депутаттардың елде кем дегенде жарты миллионға жуық азаматтың баспанасыз екенін айтып қалды. Оған урбанизацияның қарқын алып, ауыл азаматтарының қалаға ағылуы себеп болып отыр. Бұл мәселе өз кезегінде әлеуметтік қайшылықтарға әкелетіні сөзсіз. Сондықтан да, мұндай сәтте Алматы және Астана қалаларына азаматты тіркеуге алуға шектеу қою керек деп төбеден ұрғандай ұсыныс жасағаннан гөрі, мәселені шешуде өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын жолды іздегеніміз жөн секілді» деген ой айтады...
«Алаш айнасының» бүгінгі санында «Мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесін қалай өсіреміз?» атты мақала жарияланып отыр. Мақалада мемлекеттік қызметкерлердің элиталық басқару корпусын құру, соңғы кездері етек алған «командалық әдісті» жою, кадрларды іріктеуде ашықтыққа, әділеттілікке ұмтылу жайы сөз болады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін