Құжаттар 15 – 31 мамыр аралығында қабылданды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, қалалық тұрғын үй бағдарламасына білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, коммуналдық қызметтер, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, құқық қорғау органдары, мәдениет, БАҚ және спорт саласының қызметкерлерінен барлығы 11 104 өтінім келіп түсті. Олардың талаптарға сәйкестігі тексеріліп, нәтижесінде 3631 өтінім мақұлдау алды.
«Бағыттар бойынша жинаған ұпайларына байланысты 1100 үміткерге сайттағы жеке кабинетке «Отбасы банк» АҚ-да төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама берілетін болады. Жолдама алған өтініш берушілер төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін 15 жұмыс күні ішінде «Отбасы банк» АҚ-ның кез келген қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет. Төлем қабілеттілігін сәтті растаған қатысушылар 45 күнтізбелік күнде бастапқы және қайталама нарықтардағы тұрғын үйді таңдай алады. Оң бағаланған қалған 2531 қатысушы негізгі тізім төлем қабілеттілігінен өткенге дейін резервте болады», — деп атап өтті әкімдіктен.
7473 өтінім берушінің бағдарламадан өтпеу себебі: жұмыс орнының бағдарлама талаптарына сәйкес келмеуі, ҚР бойынша меншік құқығында тұрғын үйдің болуы, соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығару, соңғы 6 айда зейнетақы төлемдерінің болмауы, ҚР бойынша тұрғын үйдің бар-жоғы туралы барлық отбасы мүшелеріне анықтамалардың болмауы, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеудің сканерленген куәлігі (балалардың туу, неке (ерлі-зайыптылықты) қию, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу) туралы анықтаманың болмауы.
«Алматы жастары» бағдарламасы аясында өтінімдер мен құжаттарды қарау қорытындысы бойынша толық ақпарат www.almaty-zhastary.kz сайтына орналастырылады.