Өнер майталманын соңғы сапарға шығарып салуға туған-туыстары, достары әрі қызметтес болған адамдар мен шәкірттері және ҚР өнер қайраткерлері келді. Қаралы жиынды М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының бас директоры, ҚР халық әртісі Есмұхан Обаев өзінің көңіл білдіру сөзімен ашып, бүгінгі жайт бүкіл халық үшін үлкен қайғы екендігін айтып өтті.
Ал ҚР Мәдениет министрлігінің вице-министрі Асқар Бөрібаев министрлік атынан орын толмас қайғыға ортақтасатындығын айта келе Елбасының көңіл білдіру хатын оқып берді. «Есімі халыққа кеңінен танымал өнер иесі Х.Бөкееваның өмірден озуына байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасқан көңіл айтуымды қабыл алыңыздар. Ұзақ та ғибратты ғұмыр кешкен ол кісінің ұлт театр, кино сахнасында сомдаған айшықты бейнелерін өнер сүйер қауым қашанда қызығы тамашалап, рухани лаззәт алатын», -делінген хатта.
Хадиша апаның әріптесі, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев өнер майталманының қара шаңырақ М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында ғажайып дүниелер жасап, Катарина ханшайымы сынды рөлдерді сомдағанда театрға адам сыймай кететіндігін айтып еске алды. «Ол кісі қандай образды сомдаса да өте сапалы, биік деңгейде көрсеткен еді. Апамыздың тағы бір ерен еңбегі шәкірт тәрбиелеу болды. Ол «адам қайткенде — адам болып қалады» деген қағиданы шәкірттерінің бойына сіңіре білді», -дейді С.Оразбаев.
Сонымен қатар марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға өзінің туған өлкесі Батыс Қазақстан облысы әкімдігінен делегаттар да келіпті.
Хадиша Бөкеева 31 қаңтар күні 93 жасқа қараған шағында өмірден озды.
БҚО-ның Қазталов ауылында дүниеге келген Хадиша Бөкеева алғашқы сахналық қадамын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған еді. 1938 жылы Ленинградтың мемлекеттік сахна өнері техникумының қазақ студиясын бітірген ол Шымкент облыстық Қазақ драма театрында, ал 1942 жылдан Алматыдағы Қазақ драма театрында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, ел есінде қалған талай рольдерді тамаша орындады. Ол сомдаған рольдердің ішінде Сәуленің (Әбішевтің «Достық пен махабаты»), Қарлығаның (Әуезовтың «Қобыланды»), Мехмене Банудың (Назым Хикметтің «Махаббат туралы аңызы»), Катаринаның (Шекспирдің «Укрощение строптивой»), Сәуленің (Т.Ахтановтың осы аттас туындысы), Тханьның (Куприяновтың «Звезда Вьетнама» туындысы) рольдері бар.
1957 жылы Қазақстанның халық әртісі, 1964 жылы КСРО халық әртісі атанған өнер саңлағы ұстаздық қызметпен де айналысып, профессор (1974) атағына ие болды. Елге танымал көптеген сахна шеберлерін тәрбиелеп, Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.