Алматы жұртшылығы Қазақстан Шекара қызметінің басшысын соңғы сапарға шығарып салды
Алматының барлық тұрғындары шекарашылардың қазасына қатты қайғырып, қайтыс болғандардың туыстарымен бірге аза тұтады. |
Біз оларға шынайы көңілімізді білдіріп, орны толмас қайғыларымен бөлісеміз. Бүгін Алматы қаласында 25 желтоқсан күні Шымкент қаласы маңында АН-72 ұшағының апаты салдарынан қаза тапқан Қазақстан Шекара қызметінің басшысы полковник Тұрғанбек Стамбековпен және оның жұбайы Сәуле соңғы сапарға шығарып салу кезінде қала әкімі Ахметжан Есімов осылай айтты.
Шекара қызметінің басшысын соңғы сапарға шығарып салу Алматыдағы ҰҚК Шекара қызметі Академиясында өтті. Азалы шараға ҚР ҰҚК Төрағасы Нұртай Әбіқаев, әскери қызметшілер және шекара қызметінің ардагерлері қатысты.
Т.Стамбеков 1961 жылы Алматы облысы Шелек ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Алматы шекара училищесін бітірді. Жәркент, Үшарал шекара отрядтарында, сосын ҰҚК әскери институтында қызметтер атқарды. 2004 жылдан 2008 жылға дейін Шонжы шекара отрядының басшысы болды.
КСРО МҚК Жоғары шекара командалық училищесінің, Ресей Федерациясы Федералдық Шекара қызметі Академиясының түлегі Т. Стамбеков тәуелсіздігімізді нығайту жолында еңбек етіп, қоғам мен мемлекет қауіпсіздігін күшейтуге үлкен үлес қосқан тұлға еді. Ол отандық шекара қызметін қалыптастырудың бастауында болып, қашанда өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқара білді. Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын да иеленді. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және 20-ға тарта ведомстволық наградаларман марапатталды.
Өзімен бірге қазаға ұшыраған жұбайы Сәуле екеуі Алмас атты ұл мен Халида атты қыздарын тәрбиелеп өсірді.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында Астана-Шымкент бағытымен ұшып келе жатқан АН-72 әскери-көліктік ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Борттағы 27 адамның бәрі қаза тапты.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін