Алматы жылу электр орталықтары газға көшсе, экология қаншалықты жақсарады? - kaz.caravan.kz
  • $ 503.35
  • 590.63
+4 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы жылу электр орталықтары газға көшсе, экология қаншалықты жақсарады?

Алматы жылу электр орталықтары газға көшсе, экология қаншалықты жақсарады?

Жұмыстар қашан аяқталады? Газға көшу ауа сапасын жақсарта алады ма?

  • 26 Қаңтар
  • 147
Фото: Caravan.kz

2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін Алматыдағы екі жылу электр орталығы толықтай газға ауысуы тиіс. Алайда құрылыс алаңдарын аралаған министрдің көңілі толмады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі ауқымды зерттеуді негізге алып, газға көшу қашан аяқталатынын, оған жұмсалатын қаражат көлемін анықтап көрді. Тіпті ауысқан күнде экология мен ауа сапасы қаншалықты жақсаратыны да қоғамды алаңдатып отыр. 

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 құрылыс алаңдарын аралады. Екінші нысандағы жұмыс қарқынына көңілі толмай, ол мердігерлерден жұмысты жеделдетуді талап етті.  Сондай-ақ құрылыс барысын бақылау үшін бейнебақылау орнатылатынын, және мерзімдердің бұзылуына жол берілмейтінін ескертті. 

Айта кетейік, қайтадан салынып жатқан ЖЭО-2 2025 жылға дейін газға көшіріледі деген уәде болған. Кейін мерзім 2026 жылдың қыркүйегіне ауыстырылды. Жұмыс қарқынын тездету туралы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы да айтқан болатын. Ал ең бірінші тапсырманы 2017 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев берген. Ол кезде мерзім 2020 жылға дейін деп белгіленген. Қоса кетейік, құрылыс алаңы қазіргі көмірмен жұмыс істеп тұрған станцияның маңында орналасқан. 

ЖЭО-лар газға көшсе, қаланың ауасы тазарады деген алматылықтардың үміті зор. Десе де қазіргі шындық басқаша. Алматы ауаның ластануы бойынша үнемі көш басында. Мысалы, өткен жылдың қазан айында қала Лахор, Карачи және Делиден кейін төртінші орынға жайғасқан. 

Фото: Caravan.kz

Министр сынға алған ЖЭО-3 құрылысы қай сатыда?

Энергетика министрінің құрылыс алаңына баруынан бір апта бұрын Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы Shishkin_like басылымының сұрағына жауап беріп, ЖЭО-3 жобалық-сметалық құжаттамасы кешенді ведомстводан тыс мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқанын хабарлады. Ал құрылыс алаңында, басқарманың тұжырымдауынша, дайындық және алғашқы кезектегі жұмыстар жүргізілген, негізгі жабдықтардың басым бөлігі жеткізілген, бір бөлігі жолда, ал кейбірі өндіріс сатысында болған. Айта кетейік, ЖЭО-3 жаңадан салынбайды, ол тек жаңғыртылуда, яғни газ станциясы салынып жатыр.

Құрылыс аяқталған соң газға көшу техникалық тұрғыда қалай жүзеге асады?

Алматы қаласы мен облысын жылумен және электр энергиясымен «Самұрық-Энерго» компаниясының еншілес ұйымы «Алматы электр станциялары» АҚ («АлЭС») қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның қарамағында ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті қоса алғанда, бірқатар жылу-энергетикалық нысандары бар. Ол осы станциялардың меншік иесі, операторы және пайдаланушысы болып табылады. Компания мамандары біздің сұрауымызға берген жауабында ЖЭО-2-де газбен жұмыс істейтін жылу электр станциясы іске қосылғаннан кейін көмірмен жұмыс істейтін қолданыстағы жабдық кезең-кезеңімен тоқтатылып, консервацияланатынын түсіндірді. Министрдің сапарына дейін редакцияға келген жауапта іске қосу-баптау жұмыстары 2026–2027 жылдарға жоспарланғаны жалпылама түрде айтылған. Министрдің сапары мерзімдердің өзгеруіне әсер ете ме – әзірге белгісіз. «АлЭС» сайтында ЖЭО-3-тегі газ станциясын 2026 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру, ал көмір станциясын 2027 жылы бөлшектеу жоспарланғаны көрсетілген.

Жалпы, өтпелі кезеңде «АлЭС» екі түрлі отынды қатар қолдану мүмкіндігін қарастырып отыр. Оператордың мәлімдеуінше, газға көшу бойынша барлық шаралар жылыту маусымы кезінде, оның ішінде шекті жүктемелерде де, жылумен қамтуда іркіліс болдырмау үшін жоспарланған.

Қандай жабдық орнатылады?

ЖЭО-2-де Қытайдың Wuxi Huaguang Environment & Energy Group компаниясының өндірісіндегі 4 су қыздырғыш және 3 бу қазандығы, сондай-ақ MHI Power Dongfang Boiler компаниясының үш утилизациялық қазандығы орнатылады. Сонымен қатар немістің Siemens Energy компаниясы шығарған үш газ турбиналық қондырғы көзделген. Генераторлар Siemens компаниясының АҚШ-тағы өндірістік алаңдарының бірінде жасалған. Негізгі жеткізушілер үш жыл бойы сервистік міндеттемелерді қамтамасыз етеді, одан кейін техникалық қызмет көрсету мен сервис «АлЭС», мердігерлер және жабдық жеткізушілер арасындағы пайдалану шарттары аясында жүзеге асырылады.

ЖЭО-2-нің жобалық қызмет ету мерзімі – 30 жыл. Кейінгі техникалық талдау нәтижесіне қарай күрделі қайта құру, жаңғырту немесе жабдықты кезең-кезеңімен ауыстыру мәселесі шешіледі. Энергетика басқармасында атап өткендей, әдетте мұндай нысандар үшін күрделі жөндеу мен тозған тораптарды ауыстыру арқылы қызмет ету мерзімін ұзарту жоспарлары әзірленеді. Газға көшкеннен кейінгі орнатылған электр қуаты – 557 МВт, жылу қуаты – 957 Гкал/сағ.

ЖЭО-3 те жаңғыртудан кейін 30 жыл қызмет етеді деп есептелген. Жоба бойынша екі парогаз қондырғы блогын іске қосу жоспарланған. Бүгінде EPC-мердігер негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізуге келісімшарттар жасаған. Атап айтқанда: Ansaldo Energy (Италия) компаниясының газ турбиналары мен генераторлары, «ЗИО-Подольск» (РФ) өндірісіндегі утилизациялық қазандар және Dongfang Electric International Corporation (ҚХР) компаниясының бу турбиналары мен генераторлары. Газға көшкеннен кейінгі орнатылған электр қуаты – 543,6 МВт-қа дейін, жылу қуаты – 160 Гкал/сағ-қа дейін.

ЖЭО-2-ні газға көшіру қанша тұрады?

«Алматылық ЖЭО-2-ні қоршаған ортаға әсерді азайта отырып жаңғырту» жобасы аясында 2023 жылғы мамырда Еуропалық қайта құру және даму банкі платформасы арқылы 325,9 млрд теңге сомасына EPC-келісімшарт жасалды. Бұл туралы қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы да, Энергетика министрлігі де хабарлады. Айта кетейік, Қазақстанның Даму банкі сайтында жобаның құны шамамен 435,8 млрд теңге деп көрсетілген. Банк бұл ақпаратты валюта бағамдарының өзгеруіне байланысты жаңартқан болуы мүмкін.

Қаржыландыру «АлЭС»-тің өз қаражаты мен «Самұрық-Энерго» АҚ-ның жарғылық капиталы есебінен, сондай-ақ ЕҚДБ, Азия даму банкі және ҚДБ несиелері арқылы жүзеге асырылады. Барлық кредиттік желілер 15 жыл ішінде қайтаруды көздейді. Алайда «АлЭС» қаржыландыру тақырыбы коммерциялық құпия екенін, сондықтан бұл ақпаратты ашу мүмкін еместігін мәлімдеді. Bes.Media басылымы 2022 жылғы қарашада «АлЭС» ЕҚДБ-мен 130 млрд теңгеге (банк сайтында 2022 жылға 126 млрд теңге көрсетілген), 2023 жылғы маусымда ҚДБ-мен 117 млрд теңгеге және АДБ-мен 98 млрд теңгеге қарыз алу келісімдерін жасағанын жазған. ҚДБ мәліметінше, қарыз алушының өз үлесі шамамен 87,2 млрд теңге, ал қарыз құны жылына 0,73%.

Құрылыс жұмыстарын Dongfang Electric International Corporation, PowerChina SEPCO1 Electric Power Construction және PowerChina Hebei Electric Power Engineering сияқты қытай корпорацияларынан құралған консорциум атқаруда.

ЖЭО-3 қайта құруының құны және мердігерлер

EPC-келісімшартқа сәйкес жоба 256,9 млрд теңгеден астам қаржыға бағаланған. Ол да «АлЭС»-тің өз қаражаты мен несие есебінен жүзеге асырылып жатыр. Қаржы көздері қатарында Еуразиялық даму банкі,  ҚДБ және Халық банкі бар. Қаржыландыру үшін «АлЭС» АХҚО-да 236,9 млрд теңгеге облигациялар шығарды. Оның ішінде ЕАДБ облигацияларды сатып алу міндеттемесін өзіне алып, бұл үшін «АлЭС»-пен 188 млрд теңгеге келісім жасасты.

Фото: Caravan.kz

ЖЭО-2 және ЖЭО-3 көрсеткіштері қаншалықты жақсарады?

Зиянды заттар

Энергетика министрлігінің мәліметінше, газға көшкеннен кейін ЖЭО-2 бойынша зиянды заттар шығарындылары жыл сайын 93%-ға (37,1 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін, яғни 14 есе) азаяды деген болжам бар. ЖЭО-3 бойынша бұл көрсеткіш 88% – 12,3 мың тоннадан 1,5 мың тоннаға дейін, яғни 8 есе төмендейді. Almaty Air Initiative деректері бойынша, қалалық жылу электр станцияларын газға көшіру ЖЭО-2 шығарындыларын 12 есе, ал ЖЭО-3-ті шамамен 8–9 есе азайтады. Еске сала кетейік, «зиянды заттар шығарындылары» ұғымы ұсақ дисперсті бөлшектерден бастап ауыр металдарға дейінгі көптеген көрсеткіштерді қамтиды.

Парниктік газ

Министрлік мәліметінше, ЖЭО-2 жұмысы нәтижесінде бөлінетін көмірқышқыл газы (парниктік газ) 38%-ға (4 млн тоннадан 2,5 млн тоннаға дейін) азаяды. ЖЭО-3 бойынша бұл көрсеткіш 8%-ды (1,5 млн тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін) құрайды. Орташа есеппен екі станция бойынша төмендеу 23% болады. Бұл 2021 жылы «ҚазҰТЗУ хабаршысында» жарияланған болжамдарға сай, онда парниктік газдар көлемі 20,4%-ға азаяды деп көрсетілген.

Смог

Азот оксидтері фотохимиялық смогтың негізгі себептерінің бірі болып саналады. АХҚО авторлығымен жасалған құжатта ЖЭО-2 жаңғыртылуы азот оксидтері эмиссиясын шамамен 45%-ға қысқартатыны айтылған. Ал жуырда президент жанындағы «жасыл экономикаға көшу» жөніндегі кеңес отырысында азот оксидтері шығарындыларының шамамен 95%-ға төмендейтіні айтылды. Мүмкін, бұл екі ЖЭО-ның жиынтық көрсеткіші болар. 

Ауаны не ластайды: көліктер ме, әлде ЖЭО-лар ма?

Бұл сұрақ қоғамда қызу талқыланып келеді. Осы тақырыптағы пікірлерге тоқталайық.

  • 2018 жылы Алматы әкімі болған Бауыржан Байбек шығарындылардың 70%-ы көлікке тиесілі деген еді. Сол кезде жүргізілген фактчекинг желтоқсанда күкірт диоксиді бойынша көліктің үлесі 37%, ал көміртек оксиді (иіс газы) бойынша 62% болуы мүмкін екенін көрсетті.
  • Сол кезеңде EXIMAR форсайт-агенттігі жүргізген Алматы экожүйесіне қатысты зерттеулер ауаға шығарылатын ластаушы заттардың шамамен 70%-ын үш ЖЭО мен көмірмен жұмыс істейтін қазандықтар бөлетінін көрсетті.
  • Алматы әкімі болған Бақытжан Сағынтаев 2021 жылғы есептік кездесулердің бірінде ауаның ластануының 60%-дан астамы көлікке, шамамен 30%-ы ЖЭО-2-ге, ал қалғаны өнеркәсіпке, жеке үйлерге және басқа да көздерге тиесілі екенін айтқан. Оның үстіне бұл мәселе туралы өткен шақта сөйлеген, яғни өз тұсында проблема шешілгендей әсер қалдырған.
  • 2021 жылғы «ҚазҰТЗУ хабаршысындағы» мақалада көлік парниктік газдардың жалпы көлемінің 33,2%-ын және ластаушы заттардың 52%-ын шығаратыны жазылған. Айта кетейік, қаладағы автокөліктер саны тұрақты өсіп келеді, 2025 жылғы мамырда олардың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11%-дан астамға артқан. Бұл тек жергілікті тіркелген көліктерге қатысты.
Фото: Caravan.kz

Әрине, ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру ауа сапасын жақсартады. Бірақ оның нақты қаншалықты болатынын дәл айту әзірге мүмкін емес. Өткен жылы Алматының ауа бассейнінде 189 мың тонна ластаушы зат тіркелген. Ресми статистикаға сәйкес, оның 112 мың тоннасы немесе 60%-ы көлікке, 52 мың тоннасы немесе 27,5%-ы өнеркәсіптік кәсіпорындарға (оның ішінде ЖЭО-2 мен ЖЭО-3), ал 21 мың тоннасы немесе 11%-ы жеке секторға тиесілі.

ЖЭО-лар газға көшкеннен кейін де ауаның ластануы сақталуы мүмкін деген пікір бар. Climate TRACE деректеріне сәйкес (шығарындыларды спутниктік ақпарат арқылы бақылайды), 2017 жылдан бері газбен жұмыс істеп келе жатқан ЖЭО-1 2024 жылы атмосфераға денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін 20 тоннадан астам бөлшектер шығарған. Мұның себебі резервтік отын ретінде қолданылатын мазут болуы ықтимал.

Фото: Caravan.kz