Жарияланды: 340

Алматыда 100-ге жуық тұрғын қыс ортасында жылуға жарымай отыр

Алматыда жүзге жуық тұрғын қыс ортасына таяса да жылуға жарымай отыр. Өйткені 4 қабатты үй орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Ал газбен жылитын бөлек қазандықты жергілікті әкімдіктің уәде еткеніне 7 жылдан асыпты. Шыдамдары шегіне жеткен тұрғындар бүгін наразылық шарасын ұйымдастарды.

Жүзге жуық тұрғыны бар мына үй орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Алып шаһарда тұрады деген аты болмаса, затынан байқалмайды. Суық пәтерлерінде қымтанып жүретіндердің әбден берекесі қашыпты. Қала әкімдігінің де құр уәдемен алдап келе жатқанына 7 жылдан асқан.

Марина Ибақова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Бар тапқанымды әкімдікке жинап бердім. Газ келеді дегенге 63 мың жинап бердім. Үнемі сол, әлі жоқ. Өздері жылы орында отыр, мен баламен бір бөлмелі пәтерде отырмын.

Татьяна Головина, Алматы қаласының тұрғыны:

- Өзге бір ғаламшарда өмір сүріп жатқандаймыз. Шенеуіктер ақшамызды алғаннан басқа дым бітірмейді. Енді кімнің есігін қағамыз, айтыңызшы?!

Көмек сұрап жұрттың бармаған жері жоқ. Ақыры күдер үзіп, өз қалталарынан 1 жарым млн. теңгеге үлкен қазандық та салыпты. Дегенмен, 4 жыл бұрын алып пештің құбырлары суыққа төтеп бере алмай, түгелдей шіріп кеткен. Енді тағы суық үйдің азабын тартуға мәжбүр.  

Қазір жылусыз қалған 48 пәтер бар мұнда, оның 21-інде зейнеткерлер тұрады. «Қартайғанда әбден сергелдеңге салды әкімдік» деп, налиды тұрғындар. Ал шенділердің бұған өз уәждері бар. Бастапқыда тұрғын үй сүріледі деп біраз уақыт өздері де сандалған екен. Кейін осы маңда салынып жатқан күре жолға ғимараттың кедергі етпейтіні анықталыпты. Енді қазандық құрылысын бастаймыз деп отырғанда жер мәселесі шешілмей біраз уақытты өткізіп алған.

Серік Түтебаев, Алматы қаласы Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының бастығы:

- Жердің мәселесі шешілмеді. Енді сол жер мәселесі осы күзде шешілді де, берілген жерге проект жасадық. Оны санэпидстанцияға тапсырдық. Енді олар 1-2-3 күн қолдап не қылса, корректировка бюджета дейді ғой қаланың соған қосып, салып береді. Ол тез салынатын қазандық, үлкен қазандық емес.

Ал қала қазынасын тек қаңтар айында қайта қарастырады екен. Сондықтан бұл үйдің тұрғындары жылу қазандығын биылғы қыста күтпей-ақ қойса болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін