2004-жылы Алматыда барлығы 17 мың қылмыс тіркелген. Ауыр қылмыстар деңгейі 26,9 проценті құрайды. Құқық қорғау мекемелері барлығы 7,6 мың немесе қылмыстардың 44,5 процентін әшкереледі.
Б.Бисенқұловтың айтуынша, қылмыстар санының артуы жалпы республикалық ағымға айналды. Қылмыстардың басым бөлігін, яғни, 70 процентке жуығын қарақшылық шабуыл, тонаушылық, ұрлық, денеге зақым түсіру, бұзақылық және автокөлік тонау секілді дүниеқорлық түрткі болатын қылмыс түрлері иемденеді.
Б.Бисенқұловтың айтуынша, кәмелеттік жасқа жетпегендер арасындағы қылмыстар санының артуы тәртіп сақшыларының ерекше алаңдаушылығын тудыруда. Мәселен, былтыр олар барлығы 269 қылмыс жасады. Соның ішінде 4 кісі өлтіру, 3 қыз зорлау, денеге ауыр зақым түсіру оқиғасы 6 мәрте, 53 қарақшылық шабуыл, 25 тонаушылық және 116 ұрлық оқиғасы тіркелді. Балалар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін Алматыдағы 25 мектепте мектеп инспекторларының лауазымы енгізілді. «Олардың оңды тәжірибесін біз қаладағы басқа мектептерде де таратуды көздеп отырмыз»,- деді ІІББ-ның қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Марат Жексебеков.
Б.Бисенқұловтың айтуынша, 2004-жылы Алматы қалалық ІІББ 20 оперативті-профилактикалық шара өткізіп, нәтижесінде іздеуде жүрген 300 қылмыскер ұсталып, із-түзсіз кеткендер санатындағы 800 адам анықталды.