Спорттық шара барысында Алматыға 100 мың адам келеді деген болжам бар. Келетін қонақтарды орналастыратын қонақ үйлердің жағдайы көңіл көншітерлік емес. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен халықаралық қонақ үй форумында «Алматы Универсиада-2017» дирекциясының директоры Илья Оразақов айтты.
Оның айтуынша, Алматы байрақты бәсекені өткізу үшін техникалық тұрғыдан да, инфрақұрылымдық тұрғыдан да әзір болуы керек.
«Универсиадаға қатысуға бүгінде 26 мемлекет өтінім берді. Шамамен 100 мың адам қалаға келеді. Олардың барлығын орналастыру керек. Біздің қонақ үйлердің көбі әлемдік талаптарға сай келмейді. Қаладағы қонақ үй қоры мүлде аз. Қосымша тағы қонақ үй салып, бұрынғыларды қалыпқа келтіру керек», — деді И.Оразақов.
Қала әкімінің орынбасары Мұрат Құдышевтің айтуынша, бүгінде қалада туризм саласын дамытуға үлкен басымдық беріліп отыр.
«Бүгінде қалада 122 қонақ үй бар. Олардың көбінде «жұлдыз» жоқ. Intercontinental, Rixos, Mariott, HolidayInn, Ritz-Carlton сияқты қонақ үй брендтері бар. Келер жылы төрт жұлдызды Ramada халықаралық қонақ үй желісі Алматыда өз отелін ашады», — деді М.Құдышев.
Екі күнге созылатын форумда Ресей, Франция, Қытай, Грузия мен Украинадан келген сарапшылар әлемдік дағдарыс кезіндегі қонақ үй бизнесін дамыту тетіктерін талқылайтын болады.