4 ай бұрын болған жантүршігерлік оқиғаға қатысты сот ісі жалғасын тапты. Бүгін айыпталушылардан жауап алынды. Бұрын ажырамас құрбы болған Айгүл Есенбаева мен Зайра Серікбаева қазір бір-біріне қырын қарап отыр. Бір анығы, екі көлікке соғып, 4 айлық нәрестені серуендетіп жүрген қызды қаққанда жүргізуші орнында Серікбаева отырған. Бірақ, рөлді кімнің ұстағаны белгісіз.
— Айгүл менің рөлге отыруымды сұрады. Көлік айдай алмайтынымды айтып едім, ол өзім үйретемін деді. Осылайша, мені көлік тізгініне отырғызды. Бірақ Айгүл жолаушы орындығында отырса да, сәлден кейін рөлді өз қолына алды. Сөйтіп, алдымды мүлдем жауып тастағаннан кейін, ештеңе көре алмадым.
Айыпталушылар оқиға орын алған күні мамырдағы мейрамдарды тойлаған екен. Мас болғандары соншалық, нәрестені қалай қаққанын айыпталушылардың ешбірі білмейді.
— Біз тоқтағаннан кейін ғана айтты, бесік арбаға соққанымызды. Оған дейін бұл туралы мүлдем білмедім. Бұдан басқасының бәрі есімде.
Оқиғадан зардап шеккен кішкентай Дариана Маликтің туыстары ғана емес. Келіншектер соққан «Фольксвагеннің» 70 жастағы жүргізушісі де ауыр жарақаттанған.
Ақылбек Бекбатыров, зардап шегуші:
— Құлағым қазір жартылай естиді, жартылай естімейді. Сосын басыма гемотом кетті. Мына жерім томпайып тұрған, жетіге барғанда.
Зардап шеккен қария тіпті ем-домыма да көмек көрсетпеді деп өкпелі. Ал қайғылы оқиғаны көзімен көрген куәгерлер әдетінше бүгін де келмеді. Бірақ түстен кейін жалғасқан сот отырысына екі куәгер күшпен әкелінді.
Мейрамгүл Қасенова, куәгер:
— Серікбаева рөлде болды. Ал, Есенбаева қасында отырды.
Ал екінші куәгер тізгінде кімнің отырғанын көрмепті. Қайтыс болған нәрестенің туыстары айыпталушылардың жазадан құтылып кетпеуін қалап отыр. Бүгін олар әйелдердің екеуін де 5 жыл мерзімінде бас бостандығынан айыру туралы өтініш білдірді.4 айдан бері жалғасып келе жатқан іске қатысты үкім ертең шығуы мүмкін.