Алматыда «Абай жолы» роман-эпопея аудиокітабының тұсауы кесілді - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда «Абай жолы» роман-эпопея аудиокітабының тұсауы кесілді

Алматыда «Абай жолы» роман-эпопея аудиокітабының тұсауы кесілді

Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопея аудиокітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

  • 27 Мамыр 2011
  • 1307
Фото - Caravan.kz

3000 данамен қытай елінде жарық көрген аудиокітап екі бөлімнен тұрады. «Анық Абай» деп аталатын бірінші бөлімде 14 бөлімді деректі фильм бар. Онда ұлы ақынның өскен ортасы мен шынайы өмірі жөнінде нақтылы деректер мазмұндалған. Авторы — Қасым Аманжолұлы. Бұрын осы кітаптың бірінші бөлімі «Қазақстан» телеарнасы арқылы көрерменге таныстырылған.

Ал, екінші бөлім кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің бүкіл әлемге мәшһүр болған «Абай жолы» роман-эпопеясының толық нұсқасы бойынша дайындалған. 80 сағаттан тұратын аудиокітапты дайындауға Жәнәбіл Смағұлұлы, Мұратбек Тесебайұлы, Манен Зейнелұлы, Серік Әбілұлы, Жеңісқан Нүсіпұлы, Қайрат Нәбиұлы және т.б. азаматтар атсалысқан.

Тұсаукесер рәсіміне ақын, жазушылар, өнер қайраткерлері сонымен қатар, аудиокітаптың құрастырушылары Серік Әбілұлы мен Қайрат Нәбиұлы арнайы қатысты. Еліміздің зиялы қауымы аудиокітаптың дүниеге келуімен шын жүректен құттықтап, кітапты шығаруға атсалысқан Қытайдағы қандастарымызға үлкен ризашылықтарын білдірді.

«Сіздердің Мұхтар Әуезов шығармашылығына келулеріңіз және кітапты дәл осы Абай шығармасына арнағандарыңыздың өзі бір ғажап дүние! Өйткені, Мұхтар Әуезов барлық жағынан қомақты із қалдырған ұлы тұлға, оның тіпті қысқа әңгімелерінің өзі құнды. Ал бұл эпопея қазақты біраз жерге көтерген, әлемдік әдебиеттің деңгейіне кіргізген шығарма болды, осындай шығарманы қадірлеп, қазіргі электрондық форматқа әкеліп шығарғандарыңыз игілікті іс, тың дүние болды»,-деп атап өтті ақын, жазушы Әуезхан Қодар.

«Мен Мұхтар Әуезовтың дәрісін тыңдаған адаммын. Ол кісі біздің университетте Абайтанудан дәріс берді. Мен осы уақытқа дейін дүниенің талай ғалымдарын тыңдадым, дүниежүзін талай араладым, батыс пен шығыс елдерінде болдым, бірақ Әуезовтей ұлы жазушыны, Әуезовтей керемет оқитын дәрісшіні кездестіргем жоқ. Оның дәрісіне басқа ЖОО-нан қаншама студент келіп қатысатын, дәрісті тыңдау үшін бізбен иық тірестіріп қатар отыратын. Енді міне, оның аудиокітабы дүниеге келіп отыр. Үлкен игі істі қолға алғандарыңызға мың алғыс айтамын»,-деді ақын, шығыстанушы-ғалым Өтеген Күмісбаев.

Тұсаукесер рәсімі барысында жиналған қауым аудиокітап елімізде де сатылымға түссе жақсы болар еді деген ұсыныстарын жеткізді. Бұл жөнінде кітапты құрастырушы Қайрат Нәбиұлы: «Егер алдағы уақытта Қазақстан Үкіметі тарапынан, не үкіметтік емес ұйымдардан бұл дискіні шығаруға ұсыныстар түсіп жатса, біз көбейтіп, басып шығаруға әзірміз»,-деді. Оның айтуынша, аудиокітап Шынжаң халық радиосында дыбысқа салынып, Бейжіңдегі ұлттар дыбыс-кескін баспасында басылып, ауыл, аймақтарға таратылған.

Шара бырысында аудиокітаптар Орталық кітапхана мен Алматы қаласындағы бірнеше кітапханаларға сыйға тартылды.

Серік Әбілұлы ҚХР Алтай аймағында туған. Ақын, жазушы, сазгер өз қызметін қытай-қазақ радиосында әдебиет-көркем өнер бөлімінен бастаған. Қазақ радиосының мемлекеттік бірінші дәрежелі дикторы, журналист, әнші «Дариға-ай», «Күміс жебе», «Шолпан» кітаптарының авторы болып табылады. Шәмші Қалдаяқов атындағы ән фестивалінің лауреаты, Шынжаң жазушылары қоғамының алқа мүшесі.

Қайрат Нәбиұлы ҚХР Тарбағатай аймағында туған. Ағартушы, журналист, публицист, бизнесмен. Отызға тарта ғылыми мақалалар мен бірнеше кітаптың авторы. Оның ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған «Абай ата» дыбыс кескіні мен Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойының қарсаңында баспадан жарық көрген «Мұхтар аға» атты эсселер кітабын кезінде оқырмандар жылы қабылдаған.

Соңғы жаңалықтар