«Жас жазушылар қолдау таппағандықтан, жазғандарын жарыққа шығара алмай отыр. Елімізде мемлекет тарапынан жас таланттарды анықтап, олардың жазғандарын көпшілікке таратудың жолға қойылған жүйесі жоқ. Дүкен сөрелеріндегі қазақша кітаптардың аздығы, сонымен қатар, жас қаламгерлер шығармашылығына жағдайдың жасалмауы, шетелдік авторлар жазған қызықты туындылардың қазақ тіліне кәсіби деңгейде аударылмауы қазақ жастарының рухани сұранысын ана тілінде қанағаттандыра алмауына себеп болып отыр. Сондықтан да, қазақ жастары қалаған кітабын оқып, қажетін өтеу үшін өзге тілді меңгеруге мәжбүр. Біз осындай жағдайда, айтылған түйткілдердің оң шешілуіне жеке үлесімізді қосу үшін дарынды қаламгерлерді қолдайтын бұл әдеби жобаны қолға алып отырмыз. Бұл бастама — қазақ әдебиетінде жаңа есімдердің танылуына, шығармаларының жарық көруіне, еліміздегі әдеби әлемнің кең қанат жаюына септігін тигізетініне сенімдіміз», деді «Алтын қалам» әдеби жобаның ұйымдастырушысы Досым Сатпаев.
Аталмыш жоба ұйымдастырушыларының бірі Ербол Жұмағұловтың айтуынша, бұл сыйлық Қазақстанда немесе шетелдерде тұратын, қазақ тілінде жазатын талантты қаламгерлерді анықтауға, олардың еңбектерін жарыққа шығаруға ықпал етеді.
«Авторларға қаржылай сыйлық тағайындау және үздік шығармаларды марапаттау рәсімі үстіміздегі жылдың қазан айында өтеді. Тәуелсіз комиссия үздік автор мен үздік туындыларды ашық конкурс арқылы 2010 жылдың маусым және қыркүйек айлары аралығында «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік ғылыми басылымы», «Жылдың үздік іскер басылымы», «Жылдың үздік балалар кітабы», «Блогомания» («Е-Кітап»), «Үздік әдеби аударма», «Жылдың үздік полиграфиясы», «Қазақстан әдебиеті саласындағы жетістігі үшін» аталымдары бойынша анықтайтын болады. Өтініштер мен шығармалар «www.arzu.kz» ақпаратты порталында қабылданады. Байқауға қатысу тегін, сондай-ақ ниет білдірген кез келген автор бұл бәйгеде бақ сынай алады», дейді ұйымдастырушылар.