Шараны ұйымдастырушылар — "ZHERSU" корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы.
«Бәйгеге балабақша тәрбиеленушiлерiне, 1-8 сынып оқушыларына арнап жазылған прозалық, поэзиялық және шағын сахналық қойылымдар қабылданады. Шығармалар көлемi: повестер — 20-25 беттен, әңгiмелер, ертегiлер — 10 беттен, топтама өлеңдер, ертегi-өлеңдер, балладалар, шағын поэмалар, сахналық қойылымдар — 5-10 беттен аспауы шарт. Бәйгеге тек бiр ғана шығарма (топтама өлеңдерден, балабақша бүлдiршiндерiне арналған қысқа әңгiмелерден басқасы) жiберiлуi тиiс», — дейді шараның ұйымдастырушысы, белгілі балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлы.
Оның айтуынша, бәйгеге ұсынылатын шығармалардың компьютерлiк стандартқа сай 14 кегльмен (аралық 1,5) терiлiп, үш дана болып басылып, дұрыс беттелуiне қатаң талап қойылады. «Бұл шарттар сақталмаған туындылар қазылар алқасының талқысына жiберiлмейдi. Бұрын жарық көрген немесе бәйге уақытында басылымдарда жарияланған және көрсетiлген мерзiмнен кешiккен шығармалар бәйгеге қатыстырылмайды. Бәйгеге жазушылармен қатар жас талапкерлердiң де, шетелдегi қаламгер қандастарымыздың да (бүгiнгi қазақ әлiпбиiмен (кириллицамен) жазылуы мiндеттi) қатысуына болады. Жүлде алған шығармалар өткен жылғыдай екi тiлде (қазақ, орыс) кiтап болып шығып, әдеттегiдей республика мектептерiне тегiн таратылады. Бұл шараға қатысты, атап өтерлік бір жайт, биылғы сыйақы көлемi екi есеге өсті. Сол себептен, қойылар талап та қатаятын болады»,- деп атап өтті ол.
Шәкен Күмісбайұлы сонымен қатар қатысушыларға қойылатын ескертулерді де айтты. «Жабық бәйге болуы себептi, автордың бүркеншiк атының анықтамасы, аты-жөнi, мекен-жайы, байланыс телефоны жазылған парақ кiшi конвертке салынып, желiмделiп, оның бетiне автордың тек бүркеншiк аты ғана жазылады. Бұдан бұрынғы "Дарабоз" бәйгесiне қатысқандағыдай, өз мекен-жай, аты-жөндерiңiздi кiшi конверттiң сыртына жазып қойып жүрмеңiздер. Пошта бөлiмшелерi тарапынан кездесер қиындықтарды да жақсы бiлемiз. Сол себептi үлкен конверт сыртындағы аты-жөнi деген жерге бүркеншiк атты немесе басқа бiр лақап атты жаза салуға да болады», — деді ол.
Шығармалар 2011 жылдың 10 сәуiрiне дейiн қабылданып, бәйге қорытындысы Халықаралық балаларды қорғау күнi қарсаңында шығарылады.
Бас бәйгеге — 700 мың теңге тігілген;
Бiрiншi бәйге (екеу) — 340 мың теңгеден;
Екiншi бәйге (екеу) — 160 мың теңгеден;
Үшiншi бәйге (үшеу) — 100 мың теңгеден;
Ынталандыру бәйгесi (төртеу) — 72 мың теңгеден.
Өтініштер төмендегі ұйымдастыру комиссиясының мекен-жайы бойынша қабылданады: 050063, Алматы қаласы, "Дарабоз" бәйгесi. №010057505 куәлiк иесiне.