Жарияланды: 1200

Алматыда «Әйел денсаулығы - ұлт денсаулығы» алқа жиыны өтті

Келешек ұрпақтың денсаулығы мықты болып тууы үшін барлық қоғамның, барлық азаматтардың өз денсаулығына ортақ жауапкершіліктің болуы маңызды. Бұл туралы бүгін Алматыда ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесіне арналған дөңгелек үстел отырысында айтылды.

"Республикалық әйелдер кеңесі" қоғамдық қорының президенті Нина Каюпованың айтуынша, ана мен бала денсаулығын қорғау отбасы және мемлекет әл-ауқатының негізінде жатыр. "Бүгінгі кездесудің ең басты мақсаты - қоғам назарын ұлт денсаулығы мәселесіне аударту, әр азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақыру болып табылады. Өйткені, дені сау адамнан тірі бала ғана емес, дені сау ұрпақ дүниеге келеді",-деп атап өтті ол жиын барысында. Оның айтуынша, нақты әлеуметтік кепілдіктер әйел-ананың отбасының ұйытқысы ретінде рөлі мен беделін көтеруге ықпал етпек. Басқосуда ана мен бала денсаулығына қатысты мәселелермен қатар, көпбалалы отбасылардың мәселелері, шешу жолдары, медициналық қызмет көрсетудің сұрақтары және оның сапасы да талқыланды. Жиынға қатысушылардың пікірінше салауатты өмір салтын ұстану осы мәселенің негізгі кілті болып табылады. "Ана мен баланы қолдау бойынша мақсатты жұмыс "Нұр Отан" партиясының стратегиялық басымды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл жұмыстар әр азаматтың ұлт денсаулығы үшін жауапкершілігіне тұрақты сенімін қалыптастыруға мүмкіндік береді",-деді "Нұр Отан" ХДП Алматы қалалық филиалының бірінші орынбасары Махамбет Бейдәлі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть