Айтыстың мақсаты — Алатау баурайындағы әсем қала Алматының 1000 жылдық мерейтойын жырлау. Бұл атаулы оқиға ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек.
Ұлыстың Ұлы күні өткен айтысқа Рүстем Қайыртай, Иранғайып Күзембаев, Аспанбек Шұғатаев, Нұрлан Мұсаев, Олжас Отар, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан және басқа да еліміз бен Моңғолия, Қырғызстан сынды жақын шетел елдерінің айтыскер ақындары қатысып, бағын сынады.
Ақындар айтысының ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол жиналған қауымды төл мереке — Наурыз мейрамымен құттықтай келе, осынау мерейлі күн қарсаңында өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында «Нұр Отан» партиясының айқын жеңіске қол жеткізгені — Қазақстандықтардың халықтың бірлігі, елдің тұрақтылығы және халықтың жасампаздығы секілді мәңгілік құндылықтар үшін дауыс бергенінің нышаны екенін атап өтті.
Сондай-ақ Б.Уәли партияның қазақ тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау және дамыту мәселелеріне айрықша басымдық беретінін айта келе, рухани құндылықтарды дәріптеу бағытын партия алдағы уақытта да ұстанатынын айтты.
Айта кететіні, қазылар алқасы құрамында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов, ҚР халық артисі Есмұхан Обаев, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Смағұл Елубай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақан Абдуалиев бар.
Айтысты әдеттегідей еліміздің танымал ақыны, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, халықаралық «Айтыс ақындар мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткер Жүрсін Ерман жүргізді.






