Алматыда алданғандар араша сұрайды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда алданғандар араша сұрайды

Алматыда алданғандар араша сұрайды

Алданғандар араша сұрайды! Бүгін Алматыда алаяқтан оңбай опық жегендер шу көтерді. Өзін турфирма басшысы деп таныстырған ол жұртқа арзан жолдама уәде етіпті. Сөйтіп 70 адамнан ақша жинап алған. Келген шығын 30 миллион теңгеден асып жығылады. Алаяқ әйел былтырдан бері арам пиғылын іске асырса да, жұрт әлі жауапқа тартқыза алмай жүр.

  • 18 Қыркүйек 2015
  • 400
Фото - Caravan.kz

Бұл алаяққа оңбай алданған алматылықтар. Қатарында қарапайым туристен бастап, турфирма директорына дейін бар. Сөздеріне қарағанда, оларды тақырға отырғызған Ғалия Шарапова есімді келіншек. Ол біріне Түркияға жалған жолдама ұсынып, енді біріне өтірік ұшақ билетін сатыпты.

Ғалия Айтмұрадова, зардап шегуші:

-«Авистурдан» 2014 жылы тамызда Түркияға жолдама алдық. Директоры – Ғалия Шарапова деген. Бірақ ол өзін Ғалия Махмудова деп таныстырған. 6 млн.-ға жолдама алдық. Сөйтсек ол фирма директоры емес, менеджері екен. Ақшамызды алып, жұмыстан шығып кетіпті.

Сөйтсе, әлгі келіншектің ақша табу әдісі — осындай екен. Турфирмаларға менеджер ретінде қабылданып, кейін ондағы клиенттердің ақшасын жымқырып жүріпті. Енді белгілі болғанындай, Ғалия Шарапова 70 адамды тақырға отырғызып, 30 миллион теңгені қалтаға басқан.

Игорь Ермаханов, турфирма қызметкері:

-Ғалияның алаяқтығына біз де ұрындық. Ол бізге менеджер болып қабылданған еді. Туристерімізді алдап, миллион шығынға қалдырды. Оны біздің төлеуімізге тура келді. Құжаттарды өтірік жасаған.

Алданғандар былтырдан бері полицияны жағалап жүр. Бірақ Шарапова әлі күнге дейін жауапқа тартылар емес. Тәртіп сақшылары мұның себебін аяғы ауыр екендігімен түсіндірді. Яғни, келіншек бірер айдан соң босанбақ. Әйтпесе, іс тергеліп бітіп, енді сотқа өткізілуге дайын екен.      


Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:

— Осы айдың соңында іс материалдары сотқа жіберілетін болады. Полиция қол қусырып қарап отырған жоқ. Тиісті нормалар бойынша жұмыс атқарылды толығымен.

Егер қылмысы дәлелденсе, әлгі әйел кемі 7 жылға темір торға қамалуы мүмкін. Айта кетерлігі, былтыр да Ғалия Шарапова сотқа тартылыпты. Бірақ арыз түсірген 11 адаммен келісімге келіп, босатылған екен. 

Соңғы жаңалықтар