Мәжіліске Иран, Мысыр, Сауд Арабиясы, Индонезия, Пәкістан, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай, Монғолия, Израиль және басқа да елдердің діни бірлестіктерінің өкілдері қатысуда. Сонымен бірге мәжіліске отандық және шетелдік теолог-ғалымдар жиналды. Отырыс жұмысын құрылтайды ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ҚР парламенті сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаев басқарып отыр.
Алғашқы отырыс барысында барлық діни бірлестіктердің өкілдері өзара диалог пен ынтымақтастыққа әзір екенін, сондай-ақ, Астанада 2006- жылдың қыркүйек айында өтетін діндердің екінші құрылтайына қатысуға дайын екенін білдірді. Хатшылықтың екі күндік жұмысының барысында алдағы құрылтайдың күн тәртібі мен тұжырымдамасы дәйектеледі.
Хатшылық жиналысы аясында пікір алмасу барысында ислам өкілдері лаңкестік және экстремизмге қатысты айыптаулар жекелеген адамдарға емес, жаппай ислам әлеміне тағылып, мұсылмандар қауымына жалпылама қара күйе жағылып отырғанына алаңдаушылық білдірді.
Ал Қазақстандағы апостол нунцийі Юзеф Веселовский: «бүгінгі кездесу барлық дінаралық тауқыметтер мен қиындықтарды қарап шығуға тың мүмкіндік береді»,- деп мәлімдеді. «Дінаралық диалогқа бағытталған осындай кездесуге Ватикан айрықша мән береді. Рим папасы — ХІҮ Бенедикт құрылтайдың жұмысына қызығушылық танытып, дінаралық диалог принциптеріне ақ батасын беруде»,- деді нунций.