Алматы полицейлері қала орталығында жалаңаяқ жүрген және оғаш мінез көрсеткен жасөспірімді қамауға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Кеше түнде қала тұрғындары шаһар орталығында қарда жалаңаяқ жүрген жасөспірімді байқаған. Ол оғаш қылықтар көрсеткен.
Алматының полиция департаменті хабарлағандай, тәртіп сақшылары өткен түні Алмалы ауданында 2005 жылы туған кәмелет жасына толмаған жасөспірімді қамауға алған.
"Жасөспірім жанжал кезінде анасын бірнеше рет пышақтағаны анықталды. Әйел көз жұмды", — деп жазылған Алматы қаласының полиция департаментінің хабарламасында.
Қазір кәмелет жасына толмаған жасөспірімге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Бозбаламен психологтар жұмыс істеп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімнің психикалық ауытқуы бар.