Жарияланды: 410

Алматыда аса ірі көлемде есірткі тәркіленді

Алматыда 39 жастағы қала тұрғынынан аса ірі көлемде есірткі тәркіленді.

Ол Жамбыл облысының Шу өңірінен біраздан бері есірткі тасып, пайда тауып келген. Ал бұл жолы ол алты қытай сөмкесіне лықа толған есірткіні түнделетіп қалаға әкелген. Сату алдында көкнәрді кептіріп алу үшін ол, Бостандық ауданындағы Вахтангов көшесіндегі жер үйлердің бірінің жертөлесін пайдаланған. «Біз есірткінің қаламызға қандай жолдармен әкелінгендігін толығымен анықтадық. Жертөлеге жасырылған тауарды Александар түн ішінде түгелімен көтерме саудада сатып жібермекші ниетте болған. Алайда қылмыскер оқиға орнында қолға түсті. Тағайындалған сот-химиялық сараптамасы есірткінің 118 келі 950 грамды құрайтын көкнәр екендігін анықтады. Бұл заң бойынша аса ірі көлемді құрайды», - деді Алматы қаласы ІІД Есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Денис Лоскутов. Оның айтуынша, қолға түскен күдікті бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қартайған ата-анасымен бірге тұратын ол, қылмыстық жолмен тапқан пайдасын жанұясынан жасырып келген. «Біздің тарапымыздан жүргізілген жедел-іздестіру шаралары қылмыскердің көптен бері осы кәсіппен айналысып келгендігін әшкерелеп берді. Ал бұл дегеніміз - оның қалада көтерме бағамен сатып алатын басқа да сыбайластарының бар екендігін көрсетіп отыр. Қылмыстық істі жүргізу барысында оның қылмысын дәлелдейтін барлық айғақ заттар жинақталды. Қазіргі таңда Бостандық аудандық ІІБ оның үстінен ҚР ҚК-нің 259 бабының 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Айыпталушы өз кінәсін толығымен мойындап отыр», - деді Д.Лоскутов.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін