Жарияланды: 440

Алматыда "Асар" республикалық партиясының бірінші құрылтайына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын

Алматыда "Асар" республикалық партиясының 31-қаңтарға белгіленген бірінші құрылтайына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Партияның баспасөз қызметінен KZ-today тілшісіне хабарлағанындай, құрылтайға еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам өкіл қатысады.

Құрылтайда "Асар" партиясының бағдарламасын қарап бекіту, сондай-ақ, партияның таяу болашаққа межеленген жоспарларын айқындау көзделіп отыр. Құрылтай барысында сондай-ақ, тіркеу мерзімінде партияны қолдаушылардың қолын жинауда айрықша белсенділік танытқан науқан қатысушылары марапатталады. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, республикалық "Асар" партиясы ҚР әділет министрлігінде өткен жылдың желтоқсан айында тіркелген болатын. Қол жинау науқаны кезінде "Асар" партиясына мүшелікке өтуге ниет білдірген 167 мың өтініш келіп түсті. Партия Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған бағыт-бағдарды жан-жақты қолдауды өзінің басты миссиясы деп санайды. Партияның басты мақсаты - қуатты экономикасы мен жоғары деңгейде дамыған азаматтық қоғам институттары бар демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру. "Асарлықтардың" пайымдауынша, елімізді модернизациялаудың басты алғышарты - президенттік билікті нығайту, демократиялық бостандықтарды қолдау, азаматтық қоғамға тән институттарды дамыту, мемлекеттік мекемелердің іс-қызметіне қоғамдық бақылау қою жүйесін құру, сыбайлас жемқорлықпен күрес, экономиканың шикізатқа бағыныштылығын жою және өнеркәсіпті дамыту деп санайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін