Жарияланды: 480

Алматыда әскери-патриоттық клуб шәкірттері далада қалды

Бүгін тағы бір балалар үйірмесінің есігіне қара құлып салынды. Дәлірек айтсақ, Алматыдағы «Орленок» әскери-патриоттық клубының 100-ге жуық шәкірті далада қалып отыр. Себебі үйірме отырған ғимарат бір жылдан бері жеке қолға өтіп кетіпті. Бірақ бұл туралы  ескертуді сатқандар осыдан бірер күн бұрын ғана жеткізе келген. Әрі жалғыз емес, сот орындаушыларын ілестіріп. Бүгін қалған дүние-мүліктерін алмаққа кеңсеге келген балаларды жаңа күзет қарсы алып, ішке кіргізбей біраз әбігерге салды.

Алматыдағы «Орленок» әскери-патриоттық балалар клубының жетекшісі Елене Ахметова осымен екінші тәулік үйірме орналасқан ғимаратқа кіре алар емес. Өйткені клуб орналасқан кеңсе ойда жоқта жеке қолға өтіп, күзет аяқасты күшейе шыққан.

Десе де ұзақ кейін үйірмеліктердің әйтеуір ішке кіруіне мүмкіндік туды. Көп кідірместен заттар да буып-түйілді. Бұндай тосын сыйды оларға «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігі жасаған. Өкініштісі де сол өзі орынды ұсынып, енді өзі тартып алды.

Елена Ахметова, «Орленок» әкери-патриоттық балалар клубының жетекшісі:

- Кеше сот орындаушылары келіп, ғимаратты босатуды талап етті. Барлық заттарымызды далаға лақтырып тастады. Тіпті алдын ала ескерту де айтпастан. Осы ғимаратта 10 жыл отырып едік, енді қайда барамыз. Балалар тентіреп қалды.

Қоғамдық бірлестік балалар үйірмесін ғана емес, сондай-ақ ғимаратта отырған өз бөлімшесін де далада қалдырыпты.   

Нариман Есенбаев, «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі:

- Біз республикалық «Отан» қоғамдық бірлестігінің Түрксіб аудандық өкілеттігіміз. Жұмыс істеп отырған ғимаратымызды біздің Астанадағы басшылығымыз заңсыз сатып жіберген. Бірлестік болғаннан кейін ортақ кеңесте дауысқа салып, содан кейін келісімге келтіру керек еді.

Клуб мүшелерінің бір күнде тентіреп, барар жерсіз қалғанын Жетісу аудандық әкімдігі осыдан бірер күн ғана бұрын естіпті. Енді бір амалын тауып көрмек.

Әсет Доскеев, Жетісу аудандық әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің бастығы:

- Бұл ғимараттың жаңа қожайындарымен сөйлесіп, келісімге келіп көреміз енді. Уақытын созып, көктемге дейін. Тіпті болмаса, қалалық Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп отырып, басқа ғимарат іздеуге тура келеді.

Ал қоғамдық бірлестіктің далада қалған алматылық бөлімі Астанадағы басшыларын сотқа бермек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін