Мерекенің шырайын ашқан өнерлі балаларға үлкен сахнада Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің музыканттары қолдау көрсетті.
Аутизм — бүгінде бүкіл адамзатты алаңдатқан мәселе. Аутист балаларға көмек көрсету, ортаға бейімдеу және оңалту әрбір мемлекеттің басты мәселесі. Аутизммен ауыратын баласы бар әр ата-ана заманауи ғылым аутизмді емдеуге көмектесетін әдіс-тәсілді тезірек ойлап тапса екен деп армандайды. Сонымен қатар, адамзат аутизмнің нақты неден пайда болатындығын әлі білмейді. Десек те, аутизммен ауыратын балалардың саны күннен-күнге көбейе түсуде. Ал ата–ана алдында балаларына көмек көрсету үшін қайда бару керек, не істеу керек деген сұрақ туындайды.
— Бүгінгі концерт — бұл мамандардың орасан еңбегі мен аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналарына зор сенім сыйлайтын игі шара. Әлдебір ғажайыпқа сеніп, алдағы күннен үміт күткен ата-аналарға үлкен қолдау. Бүгін сахнада болған жайттар дені сау балалар үшін қарапайым дүние болып көрінуі мүмкін, ал бізге келген балалардың жетістікке жете бастауының өзі үлкен қадам- деп атап өтті ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «Мейірімділік» ерікті қоғамының» директоры Аружан Саин.
Айта кетейік, “Аутизмді жеңеміз” орталығындағы жұмыс балалардың, ата-аналар мен мамандардың өзара қарым-қатынасына негізделген. Балалармен психологиялық-педагогикалық түзету мен әлеуметтенудің бірнеше бағыты бойынша жұмыс жүргізіледі. Орталық жұмысының нәтижесі деп тәрбиеленуші балалардың дамып, сөйлей бастауын айтуға болады. Екі жыл ішінде тоғыз тәрбиеленуші (30%) жай балабақшаға барды, балалардың 30%-ы аутизм спектрінің бұзылуы (РАС) диагнозынан арылды. Егер оңалту жұмыстары ерте жастан басталса, онда аутизмді толығымен жеңу ықтималдығы жоғары.