Мәжіліске ұйымға мүше 16 елдің өкілдерімен бірге Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев та қатысады. Бас қосуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атсалысады деп күтілуде.
Кездесу барысында тараптар аймақтық және ғаламдық тауқыметтерге қатысты пікір алмасады. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжаттар қабылданады деп күтілуде. Атап айтсақ, сенім шараларының каталогы, процедуралардың ережесі мен министрлер кездесуінің декларациясы қабылданады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес құру туралы бастаманы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген. Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі Кеңеске мүше-елдердің мемлекет және үкімет басшыларының тұңғыш саммиті 2002-жылдың маусым айында Алматыда өтті. Ұйымға Ауғанстан, Әзербайжан, Египет, Үндістан, Израиль, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан тәрізді 16 мемлекет қамтылады. Ұйымға бақылаушы мәртебесіне Малайзия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония елдері мен бірқатар халықаралық ұйымдар ие болған.