Жарияланды: 540

Алматыда балалар суреттерінің көрмесі ашылды

Бүгін Алматыда Оқушылар сарайында балалар суреттерінің көрмесі ашылды.

Алматы қаласы білім басқармасы мен Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен ашылған көрмеге Көркемөнер мектептері оқушыларының байқаудан өткен ең үздік туындылары қойылған. Байқау «MPL» компаниясының ұйымдастыруымен «Шығыс пен Батыс арасындағы көпірді орнату» жобасы аясында өткізілген. «MPL» компаниясы директоры Лариса Инджуджянның айтуынша, сурет байқауының дүниеге келуіне қазақстандық танымал мүсінші Эдуард Казарянның «Мадонна» атты көрмесі ықпал еткен. «Оқушылар сарайында өнер студиясының оқушылары үшін Эдуард Казарянның шеберлік сыныптары өткізілген болатын. Сол дәріске қатысқан оқушылар байқауға да қатысты. Біз бұл көрмеге оқушылардың 22 жұмысын ұсынып отырмыз»,-деді ол. Шара барысында бес аталым бойынша байқаудың жеңімпаздары анықталды. Қазылар алқасы тақырыптың ашылуына, жұмысқа креативті келуіне, түс шешімдерін таба білуіне, техникалық орындалуына мән берген. "Жеңімпаздарды таңдау оңай болған жоқ. Жұмыстардың әрқайсысы жоғары бағаға лайықты. Менің ойымша, балалар үшін үлкен сыйлық Парижде өтетін көрмеге жолдама алу болмақ. Ол шара желтоқсан айында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне орай Францияның Қазақстан елшісін ресми қабылдауы аясында өтеді",-деді Л. Инджуджян. Шара соңында байқау жеңімпаздары сурет салуға қажетті құралдар топтамасымен және Парижден әкелінген арнайы кәдесыйлармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы сынды байқау мен көрме күзге қарай Алматы мен Атырауда тағы да ұйымдастырылатын болады. Шара Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шарамен жалғасты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть