Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, балалар омбудсмені бұл оқиғадан хабарсыз.
"Бүркітбаевтар бір-ақ күнде қара жамылды. 5 қаңтарда қызуы көтеріліп, мазасызданған 7 айлық Нұрымға дәрі алуға шыққан отбасы анадан айырылды. 35 жастағы Жанар кішкентайын емізген күйі басына оқ тиіп мерт болды. Азан-қазан жылаған бала, қанға бөккен бөпе, есеңгіреген отағасы", — деп жазды ол.
Журналистің сөзінше, есі шығып кеткен отағасы сол күйі қаладағы қайын әпкесіне барады. Олар түсінбей, абдырап , бірінші кезекте жедел жәрдем шақырған, бірақ ол келмеді.
"Жарын өздігінен 4-ші ауруханаға апарғанда, дәрігерлер оқ басын тесіп, ми ішінде қалғанын, азаматша сол мезетте-ақ жүріп кеткенін айтқан", — дейді ол.
Марқұм әйел Жамбыл облысына апарып жерленген.
"Бұл өлімнен ресми билік, балалар омбудсмені хабарсыз. Отбасына көңіл айтып келген ешкім жоқ. Кеше отағасының шақыруымен үйлеріне мен бардым. 4 баланың үлкені 7-де, 4-те, 2-де, кішісі енді еңбектеп жүр. Қала шетіндегі жалдамалы времянка. Сұлтан құжатпен жүгіріп жүр, Нұрым емшектен шығып, ешкінің сүтіне көшуде, қыз бақшадан қалды, ертең мектеп… жағдай қиын", — деп жазды журналист.
Айтуынша, отбасы осы айдың балаларға арналған 76 мың теңге жәрдемақысын да ала алмады.
Журналист халық болып отбасыға материалдық көмек көрсетуге үндеді.