«Әлеуметтік инновациялар арқылы қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту» айдарымен VIII республикалық әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын.
«Өнер» қоғамдық қорының президенті, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Қуандық Мәдірдің айтуынша, сегізінші рет өткізіліп отырған бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен қоғамның тыныс-тіршілігіне бей-жай қарай алмайтын, мақсатшыл жандар жиналды. Жәрмеңкеде елдегі шешімін таппай жүрген кейбір қордаланған мәселелер мен олардың шешілу жолдарына қатысты жаңашыл сараптаулар жасалып, өзара тәжірибе мен идеялар алмасуға арналған кәсіби қауымдастық алаңдары жабдықталды. Аталмыш шара шеңберінде әлеуметтік идеялар мен жобалар конкурсы жарияланып, оған 7 аталым бойынша 205 жоба түскен болатын. Байқау мақсаты — өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша қоғамдық ұйымдардың ұсынған жобаларын қолдау мен оны іс жүзіне асыру болып табылады.
Байқау комиссиясының қорытындысы бойынша 31 үкіметтік емес ұйым үздік деп танылды, енді олардың ұсынған жобаларын Елбасы қоры қаржыландырады.
БҚО-дан бұл шараға «Өнер» қоғамдық қоры өз жобасын ұсынып, «Жастарды рухани тәрбиелеу» аталымы бойынша 54 жобаның ішінен берілген 4 орынның бірін иеленіп жеңімпаз болып оралды. Қордың ұсынған жобасының тақырыбы: «Батыс Қазақстан суретшілерінің республикалық көрмесін Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында өткізу» деп аталады. Өңір суретшілерінің мұндай топтық көрмесі бұрын-соңды республикалық дәрежеде өткізілмеген еді.
«Аталмыш көрмеге облыстағы 40 суретшінің 90-ға тарта шығармасын сараптап, іріктеу негізінде қоюды жоспарлап отырмыз. Сонымен көрмені БҚО «Өнер» қоғамдық қоры үстіміздегі жылдың қараша-желтоқсан айларында Қазақстан Суретшілер одағы мен М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың 80 жылдығы құрметіне арнап Алматы қаласында өткізетін болады», — деді Қ.Мәдір.