Көрмеге суретшінің 150-ден астам кескіндемелік (живопистік) жұмыстары қойылатын болады.
Бүгінде шебердің көркем қазыналарында екі жүзден астам жұмыс бар, олардың көбісі сериялардан («Байсейіт өңірі», «Ыстықкөл» және т.б. сериялар) тұрады. Суретшінің айшықты, көркемдік образдылығы жағынан аса бай картиналары өзінің қайталанбас ұлттық нақыштарымен, түрлі-түсті әр алуандылығымен ерекшеленеді. Суретшінің этюдтарының өзі толыққанды көріністі шығарма. Қылқалам шеберінің кескіндеме кенебі табиғаты жағынан сан алуан жанрлар — портрет, қала мен ауыл пейзажы, натюрморт сияқты түрлерін шебер біріктіре біледі. Оның шығармалары көркем құндылықтар ғана емес, сонымен бірге танымдық сипатқа да ие.
Серікбай Әлжанов елімізде «Туған үйде», «Ғасырлар қойнауында», «Ауылдағы мереке», «Мәңгілік махаббат мейрамы» және т.б. бірегей аса мазмұнды суреттерімен белгілі суретші. Шебердің әр жұмыстары жоғары кәсіби деңгейде жасалған.
Бүгінде суретші бейнелеу өнері шығармашылығымен қоса, өзін жазушылық қырынан да танытып жүр. Оның табиғат көрінісін жіті бақылауымен жазған әңгімелері де суретшінің романтиктік тұлғасын көрсетеді. Аталмыш шара барысында суретші каталогының таныстырылымдық тұсаукесері болады.