Аталмыш кітап «Тарих тағылымы» баспасынан орыс тілінде 1000 данамен басылып шықты. Кітап парсы тілінен аударылған. Кітапты орыс тілінде жинақтап, шығарған -тарихшы, ғалым Саттар Мәжитов пен Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі. Парсы тілінен аударған — белгілі ғалым Клавдия Пищулина, ал, ағылшын тілінен аударылуына зор еңбек сіңірген аудармашылар — Мариям Мәкішева мен Алма Мұртаза.
«Кітап бес бөлімнен тұрады. Басылым үнділік олигарх, Дели университетінің профессоры Мансур Хайдардың ағылшын тілінде жазған «Мұхаммед Хайдар Дулати парсы деректерінде» деп аталатын кітаптан аударылған. Кітапта оның Кашмирге қалай келгені, онда қандай қызмет атқарғаны, ұзақ уақыт жүргізген билігі сынды әр түрлі деректер, орта ғасырлық авторлардың еңбектерінен келтірілген. Кітапты қазақ-үнді ғалымдарының біріккен ортақ еңбегінің жемісі және ірі тұлғаны зерттеудегі алғашқы көлемді бастама деп айтуға әбден болады. Бұл еңбектің халқымыз үшін қаншалықты құндылығына қалың оқырман мен оны зерттеуші ғалымдар баға бере жатар»,-деді кітаптың шығуына үлкен үлес қосқан тарихшы, ғалым Саттар Мәжитов.
Оның айтуынша, кітап басылымға төрт жыл дайындалған.
«Қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасында Мұхаммед Хайдар Дулатидің мұрасы ерекше орын алады. Ол орта ғасырдың танымал мемлекет қайраткері, тарихшы-ғалымы, ақын- дана тұлғасы болған. Ол — «Қазақ тарихының Геродоты». Сондықтан ұлы тұлғаның баға жетпес жазба мұралары тереңінен зерттелуі керек, арнайы экспедициялар жасалынып, ғылыми зерттеулер жүргізу керек. Оның зерттеулері «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізіліп, Мысырда Сұлтан Бейбарстың, Сирияда әл-Фарабидің мешіттерін өңдеп жатқандай, Үнді еліндегі Мұхаммед Хайдар Дулатидің қабірі де өңделсе деген үлкен ұсынысымыз бар»-деді еліміздің Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі.