Полицияның ақпаратына сәйкес, кісі өлтіру оқиғасы 22-қаңтарда «Самал-1» ықшамауданында болған. Куәгерлердің уәжіне жүгінсек, Х.Қабжановты үйіне қайтып келе жатқанда төрт жігіт соққыға жығып, оқиға орнынан іздерін жасырып үлгерген. Х.Қабжановтың мәйітін тәртіп сақшылары 22 сағат 17 минутта тауып алды.
Бұл дерек бойынша, қылмыстық іс қозғалып, Алматы қалалық ІІББ мен Медеу аудандық ІІБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен оперативтік-тергеу тобы құрылды. Тергеушілер қазір «бұзақылықты» басты болжам ретінде қарастыруда.
Бүгін, 24-қаңтарда қаза тапқан адамның табыты Қарағандыға ұшақпен жөнелтілді.
Х.Қабжанов 1945-жылдың ақпан айында Қарағанды облысының Ульяновское ауылында туған. Түрлі жылдары ол ҚР президентінің көмекшісі, президент аппараты мен министрлер кабинетінің іс басқармасының бастығы, ҚР президенті әкімшілігінде қаржылық-шаруашылық бөлімінің бастығы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ҚР парламенті сенатының аппаратында бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған.