Алматыда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі талқыланады - kaz.caravan.kz
  • $ 523.86
  • 544.34
-9 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі талқыланады

Алматыда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі талқыланады

15-16-тамызда Алматыда "Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі Картахена хаттамасының талаптарын орындау" тақырыбында семинар өтеді,- деп хабарлайды БҰҰ-ның даму бағдарламасы.

  • 14 Тамыз 2003
  • 928
Фото - Caravan.kz

Семинар БҰҰ Даму бағдарламасының қоршаған ортаны қорғау (ЮНЭП) ұйымы мен Ғаламдық экологиялық қордың «Қазақстанға арнап биологиялық қауіпсіздік бойынша ұлттық құжат жобасын жасау» жөніндегі жобасы аясында өткізілгелі отыр.

Семинар барысында биологиялық қауіпсіздікке қатысты сан-салалы тауқыметтер талқыланады. Атап айтсақ, биологиялық түрлер және азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңдар, Қазақстанның табиғат қорғау саласындағы бірқатар келісімдер мен конвенциялар бойынша жүктеп алған міндеттемелерін орындау жағдайы туралы әңгіме өрбімек. Әсіресе генетикалық өзгертілген организмдер мәселесіне баса назар аударылады деп межеленген.
Семинарға парламент депутаттары, бірқатар министрліктер мен мекемелер өкілдері, биологиялық қауіпсіздік жөніндегі Ұлттық үйлестіру комитетінің өкілдері, сондай-ақ, ғалымдар, ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері, сарапшылар мен кеңесшілер қатысады.
Биологиялық қауіпсіздік бойынша ұлттық құжат жобасын жасау жөніндегі жобаның үйлестірушісі Ерлан Жұмабаевтың айтуынша, Қазақстанның Картахена хаттамасына бірігуі Қазақстан аумағында генетикалық өзгертілген организмдерді трансшекаралық тасымалдаумен айналысушы елдердің жауапкершілігін арттыруға, ондай өнімдерді Қазақстан аумағына енгізбеуге бағытталған арнаулы шаралар қолдануға жағдай жасайды. Картахена хаттамасына қол қою арқылы Қазақстан бірқатар міндеттеме жүктеп алады. Атап айтсақ, генетикалық өзгертілген өнімдерді қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып өңдеуге, орауға, тасымалдауға , қоғамның осы саладағы хабардарлық деңгейін арттыруға шаралар қолдануы тиіс.
Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі Ұлттық үйлестіру комитеті биологиялық қауіпсіздікке қатысты проблемаларды шешуге бағытталған талпыныстарды үйлестіру үшін Биологиялық қауіпсіздік бойынша ұлттық құжат жобасын жасау жөніндегі жоба аясында құрылған.