Ақпарат көзінің хабарлауынша, төтенше оқиға 21-ақпан күні кешке болған. «Әкесінің қызмет көлігінде отырған 6 сыныпта оқитын қыз абайсызда өзімен бірге оқитын қыздың бетінен тапаншамен атып жіберген»,- дейді ол. Оның айтуынша, «Оса» тапаншасы қыздың әкесіне тиесілі. Ал ол, агенттікке белгілі болғанындай, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС президентінің көмекшісі болып істейді. Ақпарат көзінің хабарлауынша, бұл оқиғаны полиция қайғылы оқиғалар санатына жатқызған.
Зардап шеккен қыз бала №1 орталық балалар ауруханасына жабық бас жарақатымен жатқызылған.
Орталық балалар ауруханасының шұғыл хирургия бөлімінің қабылдау бөлімшесіндегілер бұл деректі растады. Кезекші медбикенің мәліметіне сәйкес, өткен аптада расында да ауруханаға басынан оқ тиген он екі жасар қыз түскен. Қазір зардап шеккен қыз нейрохирургия бөлімінде жатыр. Оның денсаулығы туралы мәліметті дәрігерлер бермей отыр.
Алматы қалалық білім беру департаментіндегілер мектеп оқушысының жараланғаны туралы ақпаратты растағанымен, оқиғаның егжей-тегжейі туралы ашып айтпады. «Өзім осы уақытта іссапармен кеткен едім. Сол себепті ол жерде дәл қандай оқиға болғанынан бейхабармын. Бұл оқиғамен қалалық ІІД айналысып жатыр»,- деді агенттік тілшісіне берген сұхбатында қалалық білім беру департаменті директорының орынбасары Галина Самотокова.
Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі гимназияда болған оқиғаны жарым-жартылай ғана растады. «Қыз бала мектепке «Оса» тапаншасын әкелген, бірақ одан ешкім оқ атқан жоқ, зардап шеккен де ешкім жоқ»,- дейді баспасөз қызметіндегілер.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті