3 минуттан 5 раундық бұл жекпе-жекте алғашқы боп шаршы алаңға 54 келі салмақта бақ сынаған Бағдат Әлімбеков пен Абдуллах Дүрсін шықты. Қарсыласын ұпай санымен ұтқан Бағдаттың (50:45, 49:46, 50:45) жеңісті жолын командалас серіктері одан ары жалғастырды. Олардың арасынан Ержан Мұсафиров (61кг) кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Бірден соққының астында қалып, 2 раундта 2 рет нокдаун алған Мехмет Топчаканның жарысты одан ары жалғастыра алмайтына көзі жеткен рингтегі төреші жеңімпаздың қолын көтерді. Бұл жекпе-жекте Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың кездесуіне бокс жанкүйерлері ерекше қызығушылық тудырған болатын. Онур Шипалды (73кг) 5 раунд бойы өз бақылауында ұстаған Бақыт жеңісті өз пайдасына шеше алды (49:46, 49:46, 49:46). Ал АІВА-ның Бүкілемдік бокс сериясының талабы бойынша «Астана арландары» сапында өнер көрсеткен ганалық Максвелл Ампонсах пен сербиялық Милутин Станкович те сенімді ақтады. Максвелл Ондер Озгюлді (48-47, 48:47, 47:47), Милутини мароккалық Мохаммад Арджауиді (50:45, 48:47, 48:47) қапы қалдырды.